Гаагада Қазақстанның «жасыл энергияға» қосқан үлесі талқыланды

Гаагада Қазақстанның «жасыл энергияға» қосқан үлесі талқыланды

Гаага, 2022 жылдың 2 желтоқсаны - Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігінде екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына арналған «Энергия транзиті» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

«Қазақстан Үкіметі баламалы энергия көздерін іздеу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Қазақстан Париж келісімін қатты ұстанады дегенді растай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегінің бейтараптылығына жету туралы амбициялы мақсатты жария етті. Осылайша, осы ортақ мақсатқа жету үшін біз қазір бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Бұл бағытта күн энергиясы, жел энергиясы мен өзге де қуат көздері дамып жатыр», - деді Нидерландтағы Қазақстан Елшісі Асқар Жұмағалиев.

Асқар Жұмағалиев дөңгелек үстел қатысушыларына Қазақстанның «жасыл» энергия көздеріне ауысуда мақсаты нық екенін растады. Қазақстан сондай-ақ сутегін өндіру бойынша алғашқы қуатты өндірістерді, сонымен қатар, бейбіт атом энергиясын дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр.

«Қазіргі таңда Нидерландтың ұстанған стратегиясы да осындай екенін көріп отырмыз. Күн және жел энергиясына басымдық беріледі, бірақ, үкімет 2 атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр, сондықтан, осы дөңгелек үстелде айтылған ойлар екі елге ортақ пайдасын тигізеді», деп сендірді ол.

Қазақстанның жасыл энергетикаға негізделген болашақты құруға қосқан үлесін Нидерландтың Экономика және климаттық саясат министрлігінің біріккен еуропалық және халықаралық энергетикалық саясат бөлімінің басшысы Энзо Моленбер де жоғары бағалады. Ол Қазақстанға қатысты негізгі фактілерді атап өтті.

«Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өндіруші ел. Қазақстан ең көп мұнай қоры бар елдер рейтингінде әлемде 12-орында. Сонымен қатар, Қазақстан мұнай-газ секторындағы ірі ойыншылардың мүддесін тартуда жетістіге бар ел», - деді Моленберг мырза дөңгелек үстел барысында.

URENCO Халықаралық қатынастар департаментінің басшысы Хидде Барс атап өткендей, «Қазақстан дамудың дұрыс бағытын таңдады. Қалпына келетін энергия көздері атом электр станцияларымен бірлесе жұмыс істегенде ғана тиімді болмақ. Әйтпесе, олардың қуаты жетпейді. Әлем қауымдастығының энергиялық қауіпсіздігіне қол жеткізуге болады».

Ал, Қазақстанның тау-кен металлургия саласының үштен біріне ие, табиғи ресурстарды қазу жөніндегі ең озық әртараптандырылған компания Eurasian Resources Group компаниясының бас қаржы директоры Сатжан Темірғалиев болса компания тарапынан елдің декарбонизация және жасыл энергетикаға өту жөніндегі страегиясына қандай қолдау көрсетіліп жатқанынан атап өтті. Темірғалиев мырза атап өткендей, 2021 жылы ERG Топ және декарбонизация жөніндегі Аналитикалық орталық деңгейінде ESG комитетін құрған.

“Жуырда Қазақстанның Ақтөбе облысында ірі жел электрстанциясын саламыз деген шешім қабылдадық. Электрстанцияның қаттылығы 155 МВт дейін жетіп, ол қоршаған ортаға шығатын CO2 көлемін жылына 520 000 тоннаға дейін азайтады деген болжам бар. Біз жел және күн энергиясы саласындағы ірі жобаларымызды жүзеге асыру үшін Қазақстан бойынша бірқатар әлеуетті алаңдарды анықтап, осы жобалардың біразын алдағы 5-10 жылда жүзеге асыруға ниеттіміз», - деп атап өтті ол.

Іс-шараға сондай-ақ Нидерланд Корольдігі Экономика және климат саясаты министрлігінің энергетика жөніндегі өкілі Фредерик Висселинк, Нидерланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық байланыстар бас басқармасының басшысы Марике ван дер Вилк, ЕО және халықаралық қатынастар департаментінің басшысы - Аға ғылыми қызметкер Клингендаль Луиза ван Шайк, Witteveen+Bos Consulting Engineers жобасының аға менеджері Йохан Лифтогт, PwC өкілі Ержан Мағжанов және тағы да басқа тұлғалар қатысты.

Болашақта Елшілік бұл шараны барыншм көп сарапшыларды шақыра отырыр жыл сайын ұйымдастыруды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде әлемдік қауымдастықты алаңдатқан тақырып бойынша ең өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.