ҚР СІМ-де көпұлтты бірлікті нығайту шаралары талқыланды

ҚР СІМ-де көпұлтты бірлікті нығайту шаралары талқыланды

Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 13 қыркүйек - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келген ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары (АҰЖК) Қайрат Әбдірахмановпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы этносаралық қатынастар саласындағы ағымдағы жағдайды, сондай-ақ ең алғашқы кезеңде жанжалдардың алдын алу бойынша АҰЖК офисінің ұсынымдарын талқылады. Жоғарғы комиссар Қазақстанның қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау жөніндегі тәжірибесін жоғары бағалады.

Дипломаттар этникалық тілдер мен мәдениеттерді дамытуды мемлекеттік қолдау туралы пікір алмасты.    Министр «Жаңа және әділетті Қазақстанды» құру тұжырымдамасы аясында елдің саяси және әлеуметтік трансформация барысы туралы қысқаша ақпарат берді.

 Қ. Әбдірахманов ЕҚЫҰ институттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар бағытын мұқият қадағалап отырғанын атап өтті. Ол көптілді білім беруді ілгерілетуге және азшылықтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық өмірге, әсіресе жастар мен әйелдерге тиімді қатысуына ерекше назар аудара отырып, ұйымның Қазақстанға белгіленген реформаларды іске асыруда жәрдем көрсетуге дайын екендігіне сендірді.

Кездесу соңында тараптар өзара түсіністік пен сындарлы ынтымақтастық рухында диалогты жалғастыруға келісті.