Нидерландтың құс өсірушілері қазақстандық әріптестеріне жаңа технологияларды үйретеді

Нидерландтың құс өсірушілері қазақстандық әріптестеріне жаңа технологияларды үйретеді

Нидерландтың Vencomatic Group компаниясы Қазақстанның құс өсірушілеріне жаңа технологияларын көрсетіп, бірнеше оқу вебинарларын өткізеді. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабектің Нидерланд Корольдігіне жасаған сапары кезінде осындай уағдаластыққа қол жетті.

Vencomatic Group компаниясының құрамына кіретін Vencomatic, Prinzen және Agro Supply компаниялары құс өсіру, инкубаторлардағы климатты бақылау және жұмыртқа өңдеуді оңтайландыру саласындағы жоғары технологиялық шешімдерін айтып, көрсетуге дайын. Қазақстан тарапынан вице-министр Әбілхайыр Тамабек пен Vencomatic group тарапынан компания басшысы Лотте ван де Вен ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды. Оқу семинарлары мен вебинарлары осы жылдың шілдесінен бастап өтеді.

Vencomatic құс өсіретін ортаны жақсартып, құс өсіруден жақсы нәтиже шығаруға мүмкіндік беретін шешімдерді ойлап табады. Agro Supply климатты бақылау саласындағы шешімдерді ұсынса, Prinzen шаруа қожалықтарында жұмыртқа жинап, инкубаторлардағы жұмыртқа өңдеуді автоматтандыру үшін қажетті экономикалық шешімдерды ұсынады. Бұл компаниялардың филиалдары Бразилия, Қытай, Франция, Малайзия, Испания мен АҚШ-та жемісті жұмыс істеп тұр.

Кездесу барысында ван де Вен ханым жұмыртқа алу мен сұрыптаудың автоматтандырылған және энергия үнемдейтін жүйесін қоса алғанда, құс өсіру саласындағы жаңа технологиялар туралы айтып берді. Оның айтуынша, компания Нидерландтағы құс өсіру нарығының 80%-на тараған.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Қазақстандағы құс өсіру саласының қазіргі жай-күйі туралы баяндап, осы саланың 2025 жылға дейінгі даму жоспары туралы айтты.

Тамабек мырза саланың инвестиция тарта алатын әлеуетін көрсетіп, шаруалардың кірісін арттыратын, ресурс үнемдейтін жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығы туралы пікірін жариялады.

Кездесуді қорытындылай келе, Тамабек мырза жергілікті фермерлермен бірлесе отырып құс өсіру саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін компанияны Қазақстанға шақырды.

Ал, вебинар мен семинарлардың шақыруы Нидерландтағы ҚР Елшілігінің сайтында жарияланады. Толығырақ ақпарат алу үшін u.sarybayeva@invest.gov.kz электронды мекен-жайына хабарласуға болады.