Нидерланд Қазақстанның UPOV-қа қосылуына көмектеседі

Нидерланд Қазақстанның UPOV-қа қосылуына көмектеседі

Нидерланд Корольдігі Қазақстанның өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі Халықаралық одаққа (UPOV) қосылуына қолдау көрсетеді. ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек бастаған отандық бизнес өкілдерінің Нидерландтқа жасаған сапары кезінде осындай уағдаластыққа қол жетті.

Әбілхайыр Тамабек UPOV бас хатшысының орынбасары Питер Баттон және Нидерландттағы Naktuinbouw бау-бақша инспекциялық қызметінің өкілдерімен кездесті. Тараптар Қазақстанның UPOV қосылу мәселелерін, соның ішінде, ұйымға мүше болудың басымдықтарын, оған қосылуға қажетті шаралар мен Қазақстан тарапына қажетті қолдау мәселелерін талқылады.

UPOV бас хатшысының орынбасары Питер Баттон атап өткендей, осы одаққа мүше болған ел халықаралық мойындау мен қолдау тапқан қағидалар негізінде өсімдік өсіретіндердің құқықтарын қорғау туралы ниетін танытады.

“Мемлекет ұлттық өсімдік өсірушілердің одаққа мүше өзге елдердің аумағында құқықтық тұрғыда қорғалуына мүмкіндік жасап, шетелдік селекционерлердің өсімдік пен тұқым өсіруге инвестиция салуына ынта береді. Бұдан өзге, UPOV-қа мүше болған ел осы саладағы өз тәжірибесін көрсетіп, өзге елдердің тәжірибесін өз елінде қолдана алады, сондай-ақ, әлемдік өсімдік өсіру жұмысына үлес қоса алады”, - деді Баттон мырза кездесу барысында.

Ол сондай-ақ бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін үкіметаралық деңгейде ынтымақтастықты үнемі дамытып отыру керектігін, яғни, UPOV мамандандырылған хатшылығының көмегі де болатынын атап өтті.

Өз кезегінде Naktuinbow, яғни, өнім сапасын, процесс пен бау-бақша секторындағы өндірістік тізбекті қадағалау және алға жылдытумен айналысатын Нидерландтың бау-бақша жөніндегі инспекциялық қызметі Қазақстанның осы ұйымға қосылуына қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Naktuinbouw арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, осы меморандум аясында биыл Нидерланд тарапы қазақстандық мамандарға, өсімдік өсірушілерге, шаруалар мен трейдерлерге UPOV-ке қосылу жөнінде және ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын тіркеу жөнінде семинар мен тренингтер ұйымдастырады.