Медициналық жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттері Нидерландтың ең ірі медициналық орталығында оқи алады

Медициналық жоғары оқу орындарының қазақстандық студенттері Нидерландтың ең ірі медициналық орталығында оқи алады

Роттердам, 2022 жылғы 13 мамыр – Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Аcқар Жұмағалиев Нидерландтың ең ірі медициналық кластері - Роттердамдағы Эразмус атындағы Университетінің медициналық орталығына барды, университет қабырғаларында алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу әзірлемелері жүргізілуде.

Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен гибридті кездесу өткізілді, кездесу барысында студенттерді оқыту, оқытушылар құрамымен алмасу және екі ел арасындағы медицина саласындағы ғылыми ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.

Онлайн форматта ҚР-лық бес ірі медициналық ЖОО ректорлары, "Болашақ" халықаралық стипендиясының басшылығы және Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты. Нидерланд делегациясын университеттің медициналық орталығының президенті, профессор Штефан Шлейфер басқарды.

Іс-шара қорытындысы бойынша Тараптар Қазақстандық магистранттар мен докторанттарды Эразмус университетінде оқытуды жолға қою бойынша нақты қадамдар туралы уағдаласты. Алдағы уақытта қазақстандық мамандарды тағылымдамалардан өткізу бағдарламаларын енгізу жоспарланып отыр. Осы тұрғыда, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ (Болашақ) президенті А.Жанғозин айтылған бастамаларға толық қолдау білдірді.

Онлайн кездесу соңында Қазақстан Елшісі Нидерландтағы ең көне неонатология бөлімшесінің, Гастроэнтерология бөлімшесінің және биомедициналық бақылау тобының жұмысымен танысты. Неонатология бөлімінің басшысы, профессор Ирвин Рейсс эмбрионның дамуын ерте ескертуге қолданылатын жаңа технологияларды енгізу мүмкіндіктерін көрсетті.

Гастроэнтерология және гепатология бөлімінің басшысы, профессор Майкл Пеппеленбош зерттеу және диагностикалық зертханаларды көрсетті, сонымен қатар пациенттердің күтіміне қатысты жағдайлармен таныстырды.

ЖИ және блокчейн технологиялардың медицинада қолданылуы келешегімен биомедициналық визуализация тобының жетекшісі доктор Геннадий Рощупкин таныстырды.

Анықтама: Эразмус Университетінің Медициналық Орталығы құрамына Эразмус университетінің медициналық мектебі және 1 мың пациентке арналған 3 университеттік аурухана кіреді. Орталықтың жылдық бюджеті 2 млрд. долл., оның 306 млн.-ы ғылыми-зерттеу жұмыстары мен білімге жұмсалады. Медициналық орталықта 14 мың қызметкер жұмыс жасап, 2,5 мың студент білім алуда.