Асқар Жұмағалиев Floriade Expo 2022 ұйымдастырушыларымен кездесті

Асқар Жұмағалиев Floriade Expo 2022 ұйымдастырушыларымен кездесті

Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев Floriade Expo 2022 халықаралық көгалдандыру көрмесінің ұйымдастырушыларымен кездесу өткізді.

Кездесулер барысында тараптар қазақстандық делегацияның көрмеге қатысу мүмкіндігін, сондай-ақ осы іс-шара шеңберінде екі елдің компаниялары арасындағы кездесулер мен келіссөздерді ұйымдастыруға көмектесу мәселелерін талқылады (Business matchmaking).

Сонымен қатар Floriade Expo 2022 атқарушы директоры Свен Стимак халықаралық көрменің бағдарламасын және елдер арасындағы агробизнес, ғылым, туризм және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндіктерін ұсынды.

Елші бизнес пен ұлттық институттардың нилерландтық серіктестермен іскерлік қатынастарды дамытуға, Қазақстанға инвестиция мен озық технологияларды тартуға деген жоғары қызығушылығы туралы хабарлады.

Көрменің ұйымдастырушылары қазақстандық делегацияның Флориадаға қатысуы үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екендіктерін атап өтті.

Қазақстандық тарап мүдделі бизнес өкілдерімен және мемлекеттік органдар мен ұйымдармен көрмеге қатысу мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізеді.

 

Анықтама үшін:

14 сәуір 2022 жылдан бастап Альмере қаласында (Нидерланд Корольдігі) алты ай бойы 7-ші Floriade Expo 2022 Халықаралық бау-бақша көрмесі өтеді, бұл көрме он жыл сайын өткізіледі. Көрмеде жасыл және тұрақты технологиялар саласындағы соңғы әзірлемелер ұсынылады деп күтілуде. Көрмеде 4 негізгі тақырып бар: қаланы көгалдандыру, қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ету, қала халқын жақсарту және қаланы энергиямен қамтамасыз ету. Floriade Expo 2022 көрмесінде 40-қа жуық елдің компаниялары ұсынылады.

Көрме туралы толық ақпаратты қоса берілген брошюрадан және www.floriade.com веб-сайтынан алуға болады.

Қатысу үшін Ұлбосын Сарыбаеваға хабарласыңыз (электрондық пошта: u.sarybayeva@invest.gov.kz).