Қазақстан Ыстанбұл процесіне қатысуда

Қазақстан Ыстанбұл процесіне қатысуда

Душанбе, 2021 жылдың 30 наурызы – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Бейбітшілік пен даму үшін келісімді нығайту» ұранымен «Азия жүрегі – Ыстанбұл процесі» 9-шы министрлік конференциясына қатысты. Ыстанбұл процесінің форматы – Ауғанстанда және жалпы өңірде бейбітшілік пен өркендеу орнату бойынша саяси диалог пен өңірлік ынтымақтастық алаңы.

Конференцияға Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Түркия, Пәкістан, Өзбекстан сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК өкілдері қатысты. Іс-шараға қатысушылар өңірлік қауіпсіздік пен Ауғанстан контекстіндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

М.Тілеуберді өз сөзінде Қазақстан жыл сайын қаржылық, техникалық және гуманитарлық көмек көрсете отырып, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық күш-жігерге өз үлесін қосуды жалғастыруда деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ ымыраға келу негізінде ауғанаралық бейбіт келіссөздерді ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, Мәскеудегі «кеңейтілген үштіктің» соңғы бастамаларына және Түркияда БҰҰ аясында өтетін Ауғанстан жөніндегі халықаралық конференцияға қолдау білдірді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Душанбе декларациясы қабылданды, ол Ауғанстандағы жалпы сын-қатерлерге қарсы тұрудың және қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың тиімді тәсілі ретінде өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Ыстанбұл процесі аясында М.Тілеуберді Әзербайжанның СІМ басшысы Джейхун Байрамов, Үндістанның – Субраманьям Джайшанкар, Өзбекстанның – Абдулазиз Камилов, Пәкістанның – Махмуд Куреши және Тәжікстанның – Сироджиддин Мухриддинмен екіжақты келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында еліміздің аталған мемлекеттермен өзара іс-қимылының өзекті мәселелері мен келешегі талқыланды.