
Амстердам қаласы, 2026 ж. 9 маусым – Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Нидерланд Корольдігіне жұмыс сапары аясында Қазақстан–Нидерланд бизнес-форумы өтіп, оның қорытындысы бойынша жалпы құны 160 млн еуроны құрайтын бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі келісімдерге қол қойылып, уағдаластықтарға қол жеткізілді.
GreenTech Amsterdam 2026 халықаралық көрмесі алаңында өткен форум Қазақстанның Нидерландтағы сауда-экономикалық миссиясының негізгі іс-шарасына айналды. Форум жұмысына екі елдің мемлекеттік органдарының, іскерлік қауымдастықтарының және салалық ұйымдарының өкілдері қатысты.
Нидерланд Еуропалық одақтағы Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді. 2026 жылғы қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 970 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 57,9%-ға өсті. Бұл ретте Қазақстан экспортының көлемі 930,4 млн АҚШ долларын құрап, 65%-дық өсімді көрсетті.
«Бүгінгі қол жеткізілген келісімдер екі ел бизнесінің өзара қызығушылығының жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстан Еуропа нарықтарына сапалы өнім жеткізуді ұлғайтуға және нидерландтық серіктестердің қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», – деп атап өтті Арман Шаққалиев.
Бизнес-форум аясында агроөнеркәсіптік кешен, тамақ өнеркәсібі және логистика салаларын ұсынатын қазақстандық компаниялар отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін таныстырып, нидерландтық серіктестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Сапардың мазмұнды бағдарламасы сондай-ақ Нидерландтың жетекші мемлекеттік және салалық ұйымдарымен келіссөздерді қамтыды. Негізгі тақырыптардың бірі мемлекеттік органдар мен аккредиттелген салалық қауымдастықтардың тиімді өзара іс-қимылына негізделген нидерландтық инспекциялық бақылау моделін зерделеу болды. Мұндай тәсіл өнім қауіпсіздігінің жоғары деңгейін, рәсімдердің ашықтығын және экспорттық операциялардың жеделдігін қамтамасыз етеді.
Naktuinbouw басшылығымен өткен кездесуде тараптар тұқым шаруашылығы, сертификаттау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылау салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Халықаралық стандарттарға сәйкестікті растау мен өнімнің қадағалануын қамтамасыз ететін заманауи жүйелерді енгізу тәжірибесімен алмасуға ерекше назар аударылды. Бұл Қазақстанның экспорттық әлеуетін одан әрі кеңейтуге ықпал етеді.
Келіссөздердің жеке блогы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналды. Роттердам портына сапар барысында халықаралық тасымалдар саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, қазақстандық өнімдерді еуропалық логистикалық тізбектерге интеграциялау және Еуропадағы ең ірі теңіз портының әлеуетін пайдалана отырып, отандық экспортты ЕО нарықтарына ілгерілету мәселелері қарастырылды.
Тараптар сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәлізді) одан әрі дамыту перспективаларына ерекше назар аударып, оның жаһандық логистикалық тізбектердің трансформациясы жағдайында Азия мен Еуропа арасындағы тұрақты, қауіпсіз әрі тиімді жүк тасымалдарын қамтамасыз етудегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Damen Shipyards Group компаниясымен өткен келіссөздер барысында өнеркәсіптік кооперация және кеме жасау саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша озық технологияларды енгізуді, өндірісті жергіліктендіруді және кадрлық әлеуетті дамытуды көздейтін Маңғыстау облысында кеме жасау және кеме жөндеу кластерін құру жобасын іске асыру жөніндегі Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Axia Seeds және DENSO AgriTech Solutions компанияларының өкілдерімен кездесулер өтіп, олардың барысында заманауи агротехнологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту және жылыжай шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілігін растады. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, аса маңызды минералдық ресурстар, инновациялық технологиялар және халықаралық сауда айқындалды.