
Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы №446 референдум учаскесінде Гаага қаласында дауыс беру өтуде. Дауыс беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де басталды.
Таңертеңнен бастап Нидерландта тұрақты тұратын және уақытша жүрген қазақстандықтар дауыс беруге қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымын білдіру үшін сайлау учаскесіне келуде.
Гаагада жыл сайын ондаған мың қатысушыны жинайтын ірі спорттық шара – мерейтойлық NN City-Pier-City Loop жүгірісі өтіп, қаланың бірқатар орталық көшелері уақытша жабылғанына қарамастан, қазақстандықтар дауыс беру учаскесіне келіп, өз азаматтық борышын орындауда.
Дауыс беруге қатысушылардың айтуынша, референдумға қатысу – елдің одан әрі дамуына үлес қосып, оның болашағын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Күні бойы Гаагадағы сайлау учаскесіне 120-дан астам Қазақстан азаматы келеді деп күтілуде. Олардың қатарында қазақстандық диаспора өкілдері, студенттер, қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ Нидерландта уақытша жүрген Қазақстан азаматтары бар.
№446 учаскедегі дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-ге дейін жалғасады.