Қазақстан мен Нидерланд арасындағы АӨК саласындағы әріптестікті дамыту World Horti Center алаңында талқыланды

Қазақстан мен Нидерланд арасындағы АӨК саласындағы әріптестікті дамыту World Horti Center алаңында талқыланды

2026 ж. 21 қаңтарда World Horti Center алаңында Қазақстанның Нидерландтағы Елшісі Ақан Рахметуллиннің Dutch Greenhouse Delta компаниясының төрайымы Мирьям Букештайн бастаған өкілдерімен кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты қатынастардың серпінді дамуын оң бағалады. Соңғы бес жыл ішінде ұйымдастырылған бизнес-делегациялар сапарларының нәтижелеріне ерекше назар аударылып, олардың Қазақстан мен Нидерландтың компаниялары мен салалық құрылымдары арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны атап өтілді.

Талқылаудың жекелеген бөлігі ретінде 2026 ж. өтетін Grow Expo Astana халықаралық көрмесіне қатысу үшін нидерландтық бизнес-делегацияның сапарын дайындау, сондай-ақ GreenTech Amsterdam халықаралық салалық форумына қатысу мақсатында қазақстандық бизнес-делегацияның сапар бағдарламасын қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Тараптар алдағы іс-шараларға іскер топтардың жоғары деңгейде қатысуын және мазмұндық тұрғыдан толыққанды болуын қамтамасыз етуге өзара мүдделілік білдірді.

Кездесу аясында аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы даму үрдістері бойынша пікір алмасу да өтті. Қатысушылар өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің, практикалық тәжірибе алмасуды кеңейтудің, сондай-ақ ауыл шаруашылығының орнықты дамуына және заманауи жылыжай мен агротехнологияларды енгізуге бағытталған бірлескен ұсынымдар әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аграрлық саладағы қазақстан-нидерланд әріптестігін одан әрі кеңейту мақсатында тығыз үйлестіруді жалғастыруға және белсенді диалогты қолдауға дайын екендіктерін білдірді.