
Гаага, 2025 жылғы 7 қараша – Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшілігінде осы елдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің белсенді қолдауымен ұлы ойшыл, ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған мәдени кеш өтті. Іс-шараның символдық мәні зор – ол Республика күнімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Бұл мерекелік күндер еліміздің тәуелсіздік жолының бастауын айқындайды. Өйткені ұлттың дамуы мен өркендеуі идеялары қазақ халқының ұлы перзенті Абайдың шығармашылығының өзегін құрайды. Ал Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Жолдауында айтылған нақты бастамалар ұлы ойшылдың рухани мұрасымен үндес келеді.
Бұл заманауи Халыққа арнауда қоғамның адамгершілік негіздерін нығайтуға, адами капиталды дамытуға және ағартушылықты ілгерілетуге айрықша назар аударылған. Бұл – өз өмірін осы ұлы мұраттарға арнаған ақынның идеалдары. Абай әділеттілікке, еңбекқорлыққа, адалдыққа және білімге ұмтылуға шақырып, оларды ұлттың рухани өсуі мен игілігінің негізі деп білді. Ұлы ойшылдың осы өсиеттері бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпай, қазақстандық қоғам үшін моральдық бағдар болып отыр.
Кештің құрметті қонағы, тарих ғылымдарының докторы, мәдениеттанушы, көрнекті жазушы Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова ұлы ойшыл Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс оқыды. Өз сөзінде ол ұлы тұлғаның философиялық әлемін, оның тұлға, қоғам және адамгершілік құндылықтар туралы көзқарастарын тереңінен ашып көрсетіп, тыңдаушылардың зор қызығушылығы мен рухани әсерін тудырды. Кештің шығармашылық бөлімінде Ұлы Даланың әуендері домбыра үнімен орындалып, Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері оқылды. Қатысушылар Абай мұрасының қазіргі замандағы маңызы туралы өз ойларымен бөлісті.
Іс-шараның ұйымдастырушылары Зифа-Алуа Әуезоваға оның шабыттандыратын дәрісі үшін, сондай-ақ осы жарқын кештің дайындалуына белсенді атсалысқан біртұтас қазақ қауымдастығына шынайы алғыс білдірді. Кеш достық ахуалындағы кофе-брейкпен, дәстүрлі қазақ дастарханымен жалғасын тапты. Қонақтар әсерлерімен бөлісіп, қазақ халқының ұлы перзенті Абайдың шығармаларының нидерланд тіліндегі басылымдарын сыйлық ретінде алып, естелік суретке түсіп, Абай мұрасын насихаттауға және Қазақстан мен Нидерланд арасындағы гуманитарлық байланыстарды дамытуға бағытталған болашақ мәдени бастамаларды талқылады.