
Амстердам, 2025 жылғы 30 қазан – Қазақстан Республикасының Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын мерекелеу аясында Амстердам қаласында «Дәстүр сабақтастығы: ата-баба мұрасы» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрме Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Юнус Эмре институтының ұйымдастыруымен, сондай-ақ Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының Елшіліктерінің қолдауымен өткізілді.
Көрменің мақсаты – гуманитарлық байланыстарды нығайту, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттау және Еуропа көрермендерін Ұлы дала халқының бай тарихымен, философиясымен және рухани құндылықтарымен таныстыру.
Көрмеде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорларынан алынған 70-тен астам бірегей экспонат қойылған: тұрмыстық бұйымдар, дәстүрлі киімдер, зергерлік әшекейлер, музыкалық аспаптар, тарихи фотосуреттер, сондай-ақ дәстүр сабақтастығы мен ұрпақтар арасындағы рухани байланысты бейнелейтін сәндік-қолданбалы өнер туындылары.
Ашылу рәсіміне дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, қазақстандық диаспора өкілдері, сондай-ақ еліміздің достары қатысты. Қазақстан Елшілігінің өкілдері ұйымдастырушыларға Қазақстан мен Нидерланд арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлестері үшін ризашылықтарын білдірді.
Дәстүр жалғастығы: ата-баба мұрасы» көрмесі Қазақстан мен Нидерланд арасындағы нәтижелі мәдени ынтымақтастықтың тағы бір жарқын үлгісіне айналып, түркі әлемі халықтарының ортақ рухани және мәдени тамырларын тағы бір мәрте айқындады.
Көрме 2025 жылғы 31 қазан мен 14 қараша аралығында Амстердамдағы Юнус Эмре институтында келушілерге ашық болады (дүйсенбі – жұма, сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін).