
Қазақстан Республикасының Елшілігі Роттердам қаласында ұлттық тағамдар ұсынатын ерекше Alma-Ata мейрамханасының салтанатты ашылуына шақыруды ризашылықпен қабыл алды. Іс-шара Қазақстанның басты мерекесі - Республика күніне, сондай-ақ халықтың мемлекеттік егемендікке, бірлік пен ұлттық жаңғыруға жол ашқан Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай өткізілді.
Жобаның бастамашылары Нидерландтағы қазақ диаспорасының белсенділері Жанна Адамбекова мен Алейна Буянқара болды. Олар ұлттық дәстүрлерді, заманауи стильді және ашық мәдени диалог рухын үйлестірген pop-up мейрамхана тұжырымдамасын жүзеге асырды. Көшпелі қонақжайлық дәстүріне сай мейірімді иелер қонақтарға бауырсақ пен бешбармақты қоса алғанда, қазақ асханасының бірегейлігі мен алуан түрлілігін бейнелейтін кеңінен танымал тағамдардан, тіскебасарлар мен десерттерден дәм татуға мүмкіндік ұсынды. Залдың атмосферасын Ұлы дала елінің халықтарына тән фольклорлық музыка мен ұлттық киімдер айшықтай түсті.
Іс-шара қатысушыларына жаңа ашылған Нидерландтың Fenix Museum of Migration залдары бойынша экскурсия ұйымдастырылып, этностар мен дін өкілдерінің өзара толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүруі ерекше бағаланатын көпқырлы қоғамдардың қалыптасу жолдары көрсетілді.
Қазіргі уақытта мейрамхана Роттердамда өтіп жатқан әлем халықтары асханасы айлығының аясында уақытша режімде жұмыс істеуде. Өз идеяларын табысты жүзеге асырып, Қазақстан мен Нидерланд арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген отандастарымызға зор табыс тілейміз.