Қазақстандағы тұқым шаруашылығының әрі қарай дамуы және инновациялық агротехнологияларды енгізу мәселелері Нидерландтағы Қазақстанның Елшісі Қайрат Әбдірахмановтың көкөніс дақылдарын селекциялау және тұқым өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Rijk Zwaan компаниясының басшылығымен кездесуінде талқыланды.
Келіссөздер барысында тараптар қазақстандық аграрлық және ғылыми-зерттеу ұйымдарымен ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуді қоса алғанда, бірлескен жобаларды кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Елші Rijk Zwaan компаниясының еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті. 2023 жылдан бастап компания Қазақстанда көкөніс дақылдарының инновациялық сорттарын белсенді түрде енгізіп келеді. Түркістан облысында заманауи технологияларды бейімдеу мен сынақтан өткізуге арналған демонстрациялық ферма құрылуда.
Компанияның Қазақстан Республикасы Ботаника институтымен ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Оның аясында төзімді дақыл сорттарын әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізілуде. Бұл селекция және тұқым шаруашылығы саласындағы халықаралық өзара іс-қимылдың тиімді үлгісі болып табылады.
Елші Қазақстанның UPOV халықаралық ұйымына қосылуға белсенді дайындалып жатқанын атап өтті. Бұл жаңа өсімдік сорттарының құқықтық қорғалуын қамтамасыз етіп, инновацияларды енгізу мен жетекші әлемдік компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту үшін қолайлы жағдай туғызады.
Қазақстан тарапынан Rijk Zwaan бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігі білдірілді. Бұл серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашып, елдің агроөнеркәсіптік секторының орнықты дамуына ықпал етпек.
Нидерландта Rijk Zwaan енгізілген инновациялық шешімдердің көлемі бойынша 11-орында тұр. Бұл тек ұлттық емес, әлемдік деңгейде де зор жетістік саналады. 2024 жылы компанияға «Royal» (Корольдік) мәртебесі ресми түрде берілді. Бұл оның жүз жылдан астам табысты тарихын айғақтап, саладағы жетекші орнын растады.