2025 жылғы 2 қыркүйек, Гаага – Нидерландтан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезіне Роттердам Ислам қолданбалы ғылымдар университетінің (IUASR) ректоры, доктор Эмрулла Акгүндуз қатысады. Ғаламдық форум қарсаңында Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдірахманов онымен кездесті. Исламдық оқу бағдарламасы бар жалғыз жоғары оқу орны болып табылатын осы бірегей университеттің басшылығы бұған дейін де Қазақстан астанасында өткен съездерге қатысқаны атап өтілді. Бұл Нидерланд қоғамының халықаралық конфессияаралық ынтымақтастықты дамытуға деген дәйекті қызығушылығын көрсетеді.
Съезд тұжырымдамасын талқылау барысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың рухани лидерлерге, саяси және қоғам қайраткерлеріне, сондай-ақ ізгі ниетті адамдарға бейбітшілік үшін ғаламдық қозғалыс аясында бірігу жөніндегі үндеуіне толық қолдау білдірілді. Пленарлық және секциялық отырыстар тақырыптары, сондай-ақ сарапшылардың дөңгелек үстелінде қаралатын мәселелер айрықша қызығушылық тудыруда. Ал Жас дін лидерлерінің форумын өткізу дінаралық және мәдениетаралық диалогтың сабақтастығын, соның ішінде зайырлы жастарды кеңінен тартуды қамтамасыз етеді. Әңгімелесушілер Қазақстан мен Нидерланд арасындағы білім беру, академиялық және мәдени байланыстарды кеңейту перспективаларына жеке назар аударды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің жұмысына сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтері Гаагада орналасқан Ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары, Елші Кристоф Камп қатысады. Бұл аса ірі халықаралық өңірлік ұйым әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастықтары арасындағы өзара түсіністік пен құрметті нығайтуға, қақтығыстардың алдын алу, бейбітшілікті қамтамасыз ету және әділетті қоғам құрудың негізгі тетігі ретінде төзімділікті ілгерілетуге елеулі үлес қосуда. Мұның барлығы Қазақстан басшылығының қазіргі саясатына толық сәйкес келеді.
Шетелдік делегациялардың белсенді тартылуы алдағы Астанада өтетін съезге қосымша салмақ беріп, бүкіл адамзат үшін әділетті, қауіпсіз және өркенді болашақ құруға жәрдемдесетін келісілген тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Нидерланд Корольдігінің халқы 18 миллионнан асады, ал халық санының өсімі толығымен көші-қон есебінен қамтамасыз етілуде. Бұл этникалық тұрғыдан алғанда алуан түрлі мемлекет, әсіресе ірі қалаларда айқын байқалады: мысалы, Роттердам тұрғындарының 38,9%-дан астамы миграциялық тамырларға ие, олардың негізгі бөлігін Түркия, Марокко, Суринам және Индонезиядан шыққан адамдар құрайды. Діни құрамы бойынша, Нидерланд халқының шамамен 44%-ы өзін діндар деп санайды, олардың басым көпшілігі христиандар: католиктер-шамамен 20%, протестанттар-15%-ға жуық. Ал халықтың 6%-ға дейіні исламды ұстанады, бұл исламды христиандықтан кейінгі екінші ірі дінге айналдырады. Әсіресе жастар арасында мұсылмандар санының өсуі айқын байқалады: ислам 18-25 жас аралығындағы топта ең жылдам таралып келе жатқан дін болып отыр.
Роттердамдағы Исламдық қолданбалы ғылымдар университеті (IUASR) 1997 жылы құрылған және елдегі жалғыз исламдық жоғары оқу орны болып табылады. Университет исламтану, теология және педагогика бағыттары бойынша бакалавриат пен магистратура бағдарламаларын ұсынады, мұсылман қауымдары мен білім беру ұйымдары үшін мамандар даярлайды, сондай-ақ Нидерланд Корольдігі ішінде де, одан тыс жерде де дінаралық және мәдениетаралық бастамаларға белсенді қатысады.