Гаага, 2025 жылғы 15 шілде – 2025 жылғы 10–15 шілде аралығында "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ-ның ректоры міндетін атқарушы Виктор Риклефс бастаған делегацияның Нидерландқа жұмыс сапары орын алды. Сапардың басты мақсаты Роттердамдағы Эразмус университетінің құрамындағы Erasmus MC медициналық орталығымен тікелей диалогты нығайту.
Кездесулер барысында академиялық ұтқырлықты кеңейту, қазақстандық студенттер мен докторанттарды даярлау, білім алмасу және халықаралық тағылымдамаларға қатысу мәселелері талқыланды. Тараптар қазақстандық студенттердің Erasmus MC зерттеу ортасына түсуіне және олардың кәсіби әрі академиялық дамуына жағдай жасауға мүдделілік білдірді. Қазіргі уақытта бұл Еуропадағы ең ірі медициналық орталықтардың бірінде Қазақстаннан бірнеше медицина мамандары тағылымдамадан өтіп, докторлық диссертацияларымен айналысуда.
Осыған байланысты ғылыми ынтымақтастықтың жаңа перспективалары ашылуда. Басым бағыттар ретінде Қарағанды медицина университеті базасында бірлескен инновациялық зерттеулер жүргізу, Еуропалық Одақ бағдарламаларын қоса алғанда, халықаралық ғылыми гранттарға қатысу, симпозиумдар, конференциялар және конгрестер сияқты түрлі форматтағы бірлескен ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру атап өтілді.
Бағдарламаның маңызды бөлігі 14 шілдеде Нидерланд Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Абдрахмановтың, Erasmus MC басшылығы мен қазақстандық делегацияның қатысуымен өткен үшжақты кездесу болды. Кездесу барысында Қазақстан мен Нидерланд арасындағы медицина және білім беру салаларындағы академиялық ынтымақтастықтың тереңдей түскенін көрсететін Қарағанды медицина университетінің делегациясының сапары ерекше атап өтілді. Бұл перспективалы ынтымақтастық болашақта тұрақты әріптестікке және институционалдық интеграцияға ұласатынына үміт білдірілді. Елші соңғы жылдары Қазақстанға барып, алғашқы байланыстарды орнатқан Erasmus MC профессорлық-оқытушылық құрамына алғыс білдіріп, Елшілік қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға көмек көрсетуге дайын екенін растады.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар медициналық білім беру, ғылым және инновациялар саласындағы бірлескен жобаларға арналған жол картасын әзірлеуді бастап, стратегиялық және операциялық деңгейде жұмыстың негізгі бағыттарын келісті.