
2026 жылғы 17 қыркүйекте Гуанчжоу қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулы Валихан Сарсембеков 2026 жылғы 5-10 қараша аралығында Шанхай қаласында өтетін 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесіне (CIIE) қатысушыларды тартуға арналған роуд-шоуға қатысты.
Іс-шара ҚХР Коммерция министрлігінің қолдауымен CIIE бюросы мен Гуандун провинциясының Коммерция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Оған мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, ірі сауда, фармацевтика, технология және логистика компанияларының өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 9-шы CIIE көрмесіне 120-дан астам ел мен өңірден шамамен 3 мың кәсіпорынның қатысуы күтілуде. Негізгі назар жасанды интеллектке, жасыл технологияларға, денсаулық сақтау саласына, азық-түлік өнімдеріне, заманауи жабдықтарға және қызметтер саудасына аударылады.
Өз сөзінде В.Сарсембеков Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін атап өтіп, Қазақстанның қосылған құны жоғары өнімдердің, ең алдымен ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің экспортын кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына ілгерілетуде CIIE көрмесі мен «Қытайға экспорт» бастамасының ерекше рөлі атап өтілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар практикалық сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Анықтама: Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) 2018 жылдан бері жыл сайын Шанхай қаласында өткізіліп келеді және импортты ілгерілетуге, сондай-ақ шетелдік тауарлар мен қызметтердің Қытай нарығына қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған ҚХР-дағы ірі халықаралық алаңдардың бірі болып табылады. Сегіз жыл ішінде көрмеге 180-нен астам елдің, өңірдің және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, алдын ала келісілген мәмілелердің жиынтық көлемі 508 млрд АҚШ долларынан асты.