Қазақстанның Бас консулы CITIE 2026 Гуандун халықаралық туристік индустрия көрмесіне қатысты

Қазақстанның Бас консулы CITIE 2026 Гуандун халықаралық туристік индустрия көрмесіне қатысты

2026 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Валихан Сарсембеков Гуандун өлкесі Халық өкіметінің шақыруымен 11-13 қыркүйек аралығында Гуанчжоу қаласында өткен Гуандун халықаралық туристік индустрия көрмесіне (Guangdong International Tourism Industry Expo, CITIE 2026) қатысты.
Биылғы жылы көрме 50-ге жуық ел мен өңірден 1 200-ден астам ұйымды біріктіріп, 160 мыңнан астам келушіні тартты. Іскерлік бағдарлама аясында 5 мыңнан астам кәсіби кездесу мен салалық байланыс, 50-ге жуық тақырыптық іс-шара, сондай-ақ мәдени-туристік және инвестициялық жобалар бойынша таныстырылымдар мен келіссөздер өткізілді.
Көрмені аралау барысында В.Сарсембеков «Air Astana» АҚ экспозициясымен танысып, әуе компаниясының өкілдерімен әңгімелесті. Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе тасымалының қазіргі динамикасын, әуе бағыттарын одан әрі кеңейту перспективаларын, туристік алмасуды дамыту және Қазақстан мен ҚХР-дың оңтүстік өңірлері арасындағы жолаушылар ағынын арттыру мәселелерін талқылады.
Қазіргі уақытта «Air Astana» Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 36 рейс орындайды, оның ішінде Астана – Гуанчжоу бағыты бойынша 3 рейс және Алматы – Гуанчжоу бағыты бойынша 7 рейс жүзеге асырылады.
CITIE 2026 қорытындысы бойынша туристік агенттіктер мен онлайн-платформалар арқылы туристік өнімдерді сату көлемі 11,9 млн АҚШ долларынан асты. Инвестициялық бағдарлама аясында 106 ұйым жалпы сомасы 2,9 млрд АҚШ долларынан асатын 56 мәдени-туристік жоба бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. Тікелей көрме алаңында 46 ұйымның қатысуымен жалпы сомасы 1,7 млрд АҚШ долларынан асатын 25 жобаға қол қойылды.

Анықтама: CITIE көрмесі 2005 ж. бері өткізіліп келеді және Қытайдағы провинциялық деңгейдегі ең танымал мамандандырылған туристік көрмелердің бірі болып табылады. Көрме халықаралық мәдени-туристік ынтымақтастықты дамытуға, туристік бағыттар мен инвестициялық жобаларды ілгерілетуге, сондай-ақ туристік әкімшіліктермен, туроператорлармен, бейінді қауымдастықтармен, инвесторлармен және қызмет көрсетушілермен тікелей байланыстар орнатуға арналған маңызды алаң болып табылады.