
2026 ж. 11 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің делегациясы Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының және бірқатар жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп Шэньчжэнь қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар бағдарламасы аясында жасанды интеллект, Smart City, компьютерлік көру, цифрлық егіздер, автономды көлік, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, төмен биіктіктегі экономика және ұшқышсыз логистика салаларында жұмыс істейтін Қытайдың жетекші технологиялық компаниялары және инновациялық алаңдарымен кездесулер өткізілді.
Қазақстандық тарапқа қалалық және көлік инфрақұрылымын интеллектуалды басқару, жасанды интеллектті қолдана отырып бейнедеректерді талдау, төтенше жағдайлар мен аса маңызды инфрақұрылым объектілерін мониторингтеу, автономды жеткізу, сондай-ақ төмен биіктіктегі әуе кеңістігін басқару бойынша практикалық шешімдер таныстырылды.
Тиісті технологияларды Қазақстанда қолдану перспективаларына, оның ішінде «ақылды қалаларды» дамытуға, өңірлердің көлік байланысын арттыруға, санитарлық авиацияға, дәрі-дәрмектер мен шұғыл жүктерді жеткізуге, мұнай-газ және энергетикалық инфрақұрылымды мониторингтеуге, төтенше жағдайлардың алдын алуға және цифрлық сыңарларды енгізуге ерекше назар аударылды.
Сапар барысында жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ұшқышсыз авиациялық жүйелер саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, пилоттық жобаларды іске асыруға, технологиялар трансферіне, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың технологиялық компаниялары мен инновациялық алаңдары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделілік білдірді.