Қазақстан мен Қытай қонақүй индустриясы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Қытай қонақүй индустриясы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Гуанчжоу қ., 2026 жылғы 5 маусым – Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қ. Бас консулдығында ҚР бас консулы Уәлихан Сәрсембековтің Қытай қонақүй тауарлары қауымдастығы Халықаралық сауда комитетінің бас хатшысы Линь Сяоциньмен кездесуі өтті. Тараптар туризм, қонақүй инфрақұрылымы, инвестициялық өзара іс-қимыл және Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту жолдарын талқылады.

Кездесу барысында У.Сәрсембеков Қазақстанның туристік саланы, қонақүй инфрақұрылымын және іскерлік туризм нысандарын дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ол елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар, соның ішінде «Alatau City» жобасы шетелдік серіктестер мен инвесторлардың қатысуы үшін кең мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

Бас консул: «Біз қытайлық компаниялардың Қазақстанның қонақүй және туристік инфрақұрылымын дамытуға қатысуын құптаймыз. Қауымдастық мүшелерінің тәжірибесі мен өндірістік әлеуеті жаңа жобаларды іске асыруда да, еліміздің қонақжайлылық индустриясын одан әрі дамытуда да сұранысқа ие болады деп сенеміз», – деп атап өтті.

Линь Сяоцинь Қытай қонақүй тауарлары қауымдастығының қызметімен таныстырып, қауымдастықтың қонақүй, мейрамхана және туризм салаларына арналған өнімдер мен қызметтер жеткізушілерінің басым бөлігін біріктіретінін хабарлады. Олардың қатарында кәсіби ыдыс-аяқ пен тоқыма өнімдерін өндірушілерден бастап, түрлі жабдықтар мен қонақжайлылық нысандарына арналған кешенді шешімдер ұсынатын компанияларға дейін бар.

Қытай тарапы Орталық Азия нарығына өздерінің қатысу аясын кеңейтуге қызығушылық танытып, ағымдағы жылдың шілде айында Қазақстанға іскерлік миссия ұйымдастыру жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Кездесуде инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қауымдастық өкілдері Қазақстандағы бизнес жүргізуге арналған жағдайларға, инвесторларды қолдау шараларына, сондай-ақ Орталық Азия және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарықтарына бағытталған қонақүй тауарларының мамандандырылған сауда-көрме орталығын немесе индустриялық паркін құру мүмкіндіктеріне қызығушылық білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар жұмыс байланыстарын қолдап, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды пысықтауды жалғастыруға уағдаласты.

Анықтама: Қытай қонақүй тауарлары қауымдастығы ҚХР-дағы ең ірі салалық ұйымдардың бірі болып табылады және қонақүй, мейрамхана және туристік бизнес саласында жұмыс істейтін 10 мыңнан астам кәсіпорынды біріктіреді. Қауымдастық халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және қытайлық компаниялардың шетел нарықтарына шығуына белсенді түрде жәрдемдеседі.