«Алматы туризм күндері» Гуанчжоу қаласында өтті

«Алматы туризм күндері» Гуанчжоу қаласында өтті

2026 жылғы 22 мамыр, Гуанчжоу - Алматы қаласының туристік әлеуетін ілгерілетуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған «Алматы туризм күндері» атты таныстырылым іс-шарасы өтті.

Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулдығының, Қазақстан мен Қытайдың туристік ведомстволары мен компанияларының, әуе тасымалдаушыларының, іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы Бас консулы Уалихан Сәрсембеков сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастықтың қарқынды дамуын, өзара туристік ағынның тұрақты өсімін, сондай-ақ екіжақты визасыз режимнің гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

Өз сөзінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы келгені, ал 700 мыңнан астам Қазақстан азаматы Қытайға сапар жасағаны айтылды.

Сонымен қатар Қазақстанның туризм және көші-қон қызметтері саласындағы заманауи цифрлық шешімдеріне, оның ішінде шетелдік туристерге электрондық форматта қызметтердің кең спектрін пайдалануға мүмкіндік беретін QazETA цифрлық алаңы мен E-Residency бағдарламасына ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында қатысушыларға Алматы қаласының туристік мүмкіндіктері, оның ішінде тау, экологиялық, гастрономиялық және мәдени туризм бағыттары таныстырылды.

«Алматы туризм күндерінің» өткізілуі екі елдің туристік компаниялары арасында жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, бірлескен жобаларды талқылауға, сондай-ақ туризм, технологиялар және инновациялар салаларындағы қазақстан-қытай ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.