
2026 ж. 24 сәуір Гуанчжоу қ. Қазақстан Республикасының Гуанчжоу қаласындағы бас консулы Уәлихан Сәрсембеков Гуандун провинциясының жеке кәсіпорындар – импорттаушылар мен экспорттаушылар қауымдастығының атқарушы төрағасы Цзян Мэнмин ханыммен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан өңірлері мен Гуандун провинциясы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
У. Сәрсембеков Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, ел Үкіметі жүзеге асырып отырған іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері мен инновациялық жобалар туралы ақпарат ұсынды.
Сауда, логистика, өнеркәсіп, цифрлық экономика, жасыл энергетика және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Цзян Мэнмин Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде шикізат ресурстарын жеткізу, сондай-ақ қытай өнімдерін Қазақстан нарығына ілгерілету бағытында қызығушылық білдіп, бірлескен инвестициялық жобаларға қатысуға дайын екендігі атап өтті.
Кездесу соңында тараптар ақпарат алмасуды жандандыруға, ынтымақтастықтың нақты бағыттарын пысықтауға және екі ел кәсіпорындары арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесуге, оның ішінде бизнес-миссиялар ұйымдастыру және B2B кездесулер өткізуге уағдаласты.