Қазақстанның Гуанчжоудағы Бас консулы Гуанчжоу қаласының Наньша ауданына жұмыс сапарымен барды

Қазақстанның Гуанчжоудағы Бас консулы Гуанчжоу қаласының Наньша ауданына жұмыс сапарымен барды

2026 жылғы 28 ақпанда ҚР Гуанчжоудағы бас консулы Уалихан Сәрсембеков Гуанчжоу қаласының Наньша ауданына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Наньша ауданы Активтерді басқару тобы басқармасының төрағасы Хуан Шуанмен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын, Қазақстан мен Наньша ауданы кәсіпорындары арасында тікелей іскерлік байланыстар орнату мәселелерін, сондай-ақ бірлескен инвестициялық және өндірістік жобаларды ілгерілету бағыттарын талқылады.

Осы күні екі елдің 30-дан астам компаниясының қатысуымен Қазақстан–Қытай бизнес-форумы өтті. Бас консул форумның ашылуында сөз сөйлеп, қазақ-қытай екіжақты қатынастарының орнықты даму серпінін және өңіраралық өзара іс-қимылдың елеулі әлеуетін атап өтті.

Қытай тарапы Наньша ауданын ұлттық еркін сауда аймағы ретінде, сондай-ақ «Гуандун-Гонконг-Макао» Үлкен шығанақ аймағындағы қарқынды дамып келе жатқан экономикалық орталықтардың бірі ретінде таныстырып, оның инвестициялық және логистикалық мүмкіндіктерін ұсынды.

Сонымен қатар, У.Сәрсембеков China Railway 25th Bureau Group Co., Ltd. компаниясының кеңсесіне барып, компания бас директорының орынбасары Ли Чжифэнмен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар Қытайдың жетекші мемлекеттік құрылыс кәсіпорындарының бірі мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Ли Чжифэн компанияның Қазақстан аумағындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуға мүдделі екенін білдірді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі тереңдетуге және бірлескен бастамаларды практикалық тұрғыдан іске асыруға өзара мүдделілігін растады.