Қазақстандағы Covid-19 жоғары білім

Қазақстандағы Covid-19 жоғары білім

Баспасөз хабарламасы

Әлемде COVID-19 таралуына байланысты орын алған жағдай оқу үрдісіне, оның ішінде студенттердің халықаралық ұтқырлығына елеулі ықпал етті.
2020 жылғы көктемгі семестрде Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары жедел түрде қашықтықтан білім беруге ауысты. Елдің жоғары білім беру жүйесі қашықтықтан білім беруге ауысудың алғашқы жаппай тәжірибесінен ойдағыдай өтті.
Шетелдік азаматтардың жиі өтініш беруін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі пандемияға байланысты елге келуге мүмкіндігі болмайтын барлық шетелдік студенттер үшін жаңа 2020-2021 оқу жылында қашықтықтан білім беру нысанында оқуға қолжетімділікті қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады. Аталған өзгерістер тек оқуын жалғастырушы студенттерғана емес, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірген шетелдік талапкерлерге де қатысты.
Пандемия қазақстандық жоғары оқу орындарының қабылдау науқанына да өзгерістер енгізді. Бүгін Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсу үшін шетелдік азаматтардан құжаттарды қабылдау Виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн нысанда жүзеге асырылуда. Құжаттарды университеттердің сайттары арқылы бекітілген талаптарға сәйкес тапсыруға болады. Шетелдік азаматтар үшін қабылдау емтихандарын(әңгімелесу) да жоғары оқу орындары қашықтықтан жүргізуде.
Бұл үшін бүгінгі күні Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында қажетті цифрлық инфрақұрылым мен LMS платформалар (Platonus, Univer, Moodle, Canvas және т.б.) бар. Жоғары оқу орындары электронды кітапханаларға қолжетімділікті қамтамасыз етеді, онлайн офис-тіркеуші, онлайн деканат, виртуалды зертханалар құрылды, барлық бақылау емтихандары прокторингті қамтамасыз ете отырып, қашықтықтан жүргізіледі. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен қашықтықтан білім беру бағдарламаларын әзірлеу және студенттердің виртуалды академиялық ұтқырлығын дамыту бойынша белсенді ынтымақтастық жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта Қазақстанда129 жоғары оқу орны бар, оның 10-ы QS және Times Higher Education халықаралық рейтингтік агенттіктерімен танылған. Сонымен қатар, 2020жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіндегі жоғары деңгейге сәйкестігін растай отырып, әлемнің 200 үздік университеттерінің қатарына енді (QS-те 165 орын).