Қазақстан БҰҰ ЕЭК Төрағасының орынбасары лауазымына сайланды

Қазақстан БҰҰ ЕЭК Төрағасының орынбасары лауазымына сайланды

Женева, 2025 жылғы 11 сәуір - 2025 жылғы 9-10 сәуірде Женевада өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропа үшін экономикалық комиссиясының (БҰҰ ЕЭК) 71-ші сессиясы барысында Еуропа, Америка және Орталық Азияның 56 мүше мемлекеті климаттың өзгеруі және инфрақұрылымды дамыту жолындағы өңірлік ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылады.

 

«Орнықты даму үшін климаттық іс-қимыл және тұрақты инфрақұрылым» тақырыбындағы Жоғары деңгейдегі диалог барысында жасаған баяндамасында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ҚР-дың 2060 жылға дейінгі Көмірктегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясының басымдықтарын ескере отырып, 2029 жылға дейінгі ҚР Ұлттық инфрақұрылымдық жоспары аясындағы нақты мақсаттарға қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен БҰҰ агенттіктерін Алматыда құрылатын Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) бойынша БҰҰ өңірлік орталығына және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ ЕЭК Атқарушы хатшысы Татьяна Молчанның қатысуымен өтетін Астана халықаралық форумына белсенді қолдау көрсетуге шақырды.

 

Ұлттық экономика вице-министрі Жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелде де баяндама жасап, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия, ОДМ жөніндегі ұлттық және жергілікті шолулар, БҰҰ Су конвенциясы және Қала әкімдерінің форумы, Орталық Азия экономикаларына арналған БҰҰ арнайы бағдарламасы (СПЕКА) сияқты тетіктер арқылы ОДМ-ды іске асыруға деген бейілділігін растады және 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ аясында Өңірлік климаттық саммит өтетінін хабарлады. БҰҰ ЕЭК сессиясы барысында Түрікменстаның төрағалығымен СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер делегация басшыларының кездесуі өткізілді.

 

Сонымен қатар, БҰҰ ЕЭК-ға мүше мемлекеттер Қазақстанды 2025-2027 жылдарға Комиссия Бюросы Төрағасының орынбасары қызметіне бірауыздан сайлады. Бюро Төрағалығына Италия, ал екінші орынбасары болып Черногория сайланды. ҚР-дың Женевадағы БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев мүше мемлекеттерге сенім білдіргендері үшін алғысын білдіріп, Қазақстан Бюродағы қызметін «БҰҰ-80» бастамасы аясында жүргізіліп жатқан БҰҰ реформасын және Орталық Азия елдеріне ерекше назар аудара отырып, сондай-ақ барлық мүше мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып жүргізетініне сендірді.