Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің аясында ядролық қарусыздану контекстіндегі адам құқықтары мәселелері талқыланды

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің аясында ядролық қарусыздану контекстіндегі адам құқықтары мәселелері талқыланды

Женева, 2025 жылғы 27 наурыз – Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірін іске асыруды жалғастыру мақсатында, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 58-ші сессиясының аясында «Адам құқықтары және ядролық қарусыздану» тақырыбында талқылау өтті.

Қазақстан Республикасының Женевадағы Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған іс-шара адам құқықтары және ядролық қарусыздану мәселелерінің сындарлы қиылысын зерделеу, бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелері бойынша жаһандық диалогты одан әрі дамыту үшін БҰҰ-ның танымал спикерлері мен сарапшыларын жинады. Пікірталас барысында Қазақстанның Тұрақты өкілі Е.Әлімбаев, Маршалл аралдарының Тұрақты өкілі Д.Дебрум, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Р.Пангаланган және адам құқықтары және ядролық қарусыздану саласындағы халықаралық сарапшылар А.Варе, Н.Гунасекера және А.Рой сөз сөйледі.

Қазақстан үшін панельдік пікірталас тақырыбының ерекше маңыздылығын атап өткен Е.Әлімбаев халықаралық қауымдастықты адам құқықтары қағидаттарын жаһандық қарусыздану күштерімен біріктіруге шақырды, бұл ретте ядролық қарусыздану қауіпсіздік мәселесі ғана емес, сонымен қатар адам құқықтарының императиві екенін атап өтті. Қазақстандық дипломат еліміз ядролық тежеуді алмастыра алатын қауіпсіздіктің баламалы шараларын әзірлеуді қолдайтынын айтты. Бұл ретте адам құқықтарын толық жүзеге асыру үшін ядролық қарудан азат әлем қажет екенін атап өтті.

Тұрақты өкіл Е.Әлімбаев сөзінің соңында адам құқықтары бұл бастамалардың ортасында болуын қамтамасыз ете отырып, ядролық қарусыздану бойынша күш-жігерді ілгерілету үшін халықаралық әріптестермен ынтымақтасуға Қазақстанның дайындығын растады. 

Талқылауға БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың 80-нен астам өкілі, сондай-ақ БҰҰ Қарусыздану бағдарламасының стипендиаттары қатысты. Іс-шара Женеваның адам құқықтары жөніндегі қоғамдастығы тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Халықаралық адам құқықтары құқығы контекстіндегі ядролық қарусызданудың маңыздылығы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің аясында алғаш рет талқыланды.

Анықтама: Адам құқықтары жөніндегі кеңес – БҰҰ жүйесінің үкіметаралық органы, оның құрамына бүкіл әлем бойынша адам құқықтарын көтермелеуге және қорғауға жауапты 47 мемлекет кіреді.

Кеңестің құзыретіне жыл бойы оның назарын талап ететін адам құқықтары саласындағы барлық тақырыптық мәселелер мен жағдайларды талқылау кіреді. Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырыстары БҰҰ Женевадағы кеңсесінде өтеді.

Кеңес жылына кемінде үш тұрақты сессия өткізеді: наурызда (4 апта), маусымда (3 апта) және қыркүйекте (3 апта).