Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Қазақстанның баяндамасы Женевада ұсынылды

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Қазақстанның баяндамасы Женевада ұсынылды

Женева, 2024 ж. 5 наурыз – БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеттің 30-шы сессиясы барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Н.Сағындықова бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясында бекітілген міндеттемелерді орындау жөніндегі шаралар туралы өзінің алғашқы баяндамасын ұсынды.

Құжатты ұсына отырып, қазақстандық делегация басшысы Комитет мүшелерін мүгедектігі бар адамдарды интеграциялау жөніндегі БҰҰ стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу, Конвенция мен оның Факультативтік хаттамасы бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі еліміздің нақты қадамдары туралы, сондай-ақ «әділетті мемлекет – әділетті экономика – әділетті қоғам» атты үш қағидатқа негізделе жүргізіліп жатқан стратегиямыз бен саясатымыз жөнінде хабарлады. Н.Сағындықова Президент Қ.Тоқаевтың инклюзивті қоғам құру міндетін қойғанын ерекше атап өтті. Осы тұрғыда тұрақтылық пен инклюзивтілікке қол жеткізудің стратегиялық міндеттері Қазақстанның ұлттық даму жоспарының және 2025 жылға дейінгі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жоспардың негізіне енгізілгені айтылды.

Диалог барысында Комитет мүшелері мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа, білімге, медициналық қызметтерге, тұрғын үйге, мемлекет пен қаржы мекемелерінің қызметтеріне кедергісіз қол жеткізу, сондай-ақ денсаулық сақтау, оның ішінде әсіресе мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз ету, сот төрелігіне қол жеткізу және бейбіт жиналыстарға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету мен басқа да мәселелерді көтерді. Бұдан басқа, Қазақстан заңнамасын және мүгедектердің құқықтарын қорғаудың кешенді жүйесіне қол жеткізу үшін оны нығайту жоспарларын талқылауға үлкен қызығушылық білдірді.

Мүдделі мемлекеттік органдардың (ДСМ, ЕХӘҚМ, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым министрлігі, МАМ, ІІМ, БП, СІМ, сондай-ақ Жоғарғы Сот) басшыларынан құралған ҚР делегациясы Комитет мүшелерінің сұрақтарына егжей-тегжейлі ақпарат берді. Бұл жауаптар, атап айтқанда, мүгедектігі бар адамдардың теңдігі мен кемсітпеу қағидаттарын қамтамасыз ету тәжірибесін, барлық деңгейдегі білімге, медициналық қызметке қолжетімділікті іске асыруды және т.б. қамтыды. БҰҰ Конвенциясының адал орындалуына мониторинг жүргізу мақсатында түрлі органдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы атап өтілді.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Л.Қалтаева мен Мәжіліс депутаты Т.Серіковтың мүгедектігі бар адамдардың құқықтарына қатысты заңнаманы нығайту және олқылықтарды жою, олардың қоғам өміріне тең, толық және мағыналы қатысуын қамтамасыз ету үшін елдің заңнамалық бастамалары туралы хабардар етудегі рөлі ерекше маңызды болды.

Үкіметпен диалогтың соңында Комитет мүшелері қазақстандық делегацияның баяндаманы қарауға дайындығын жоғары бағалады және интерактивті диалог барысында конструктивті көзқарасы үшін алғысын білдірді.

Халықаралық сарапшылар мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етудегі Қазақстанның саясаты мен заңнамасын жүйелі жетілдіру бойынша қабылданған шараларын атап өтті. Сондай-ақ, Комитет Қазақстанның мемлекеттік жүйесінде жоғары лауазымдарда қызмет атқаратын азаматтық сектордың белсенділігін жоғары бағалады. Комитет мүшелері БҰҰ Конвенциясын жан-жақты жүзеге асыру үшін Үкіметтің азаматтық қоғамға қолдау көрсетуін жалғастыратынына сенім білдірді.

Комитет қатысушы мемлекеттердің Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясының орындалуына мониторинг жүргізетін 18 тәуелсіз сарапшыдан тұрады.

Конвенцияның 35-бабына сәйкес, мемлекеттің алғашқы баяндамасы Конвенция ратификацияланғаннан кейінгі екі жыл ішінде, содан кейін – әрбір төрт жыл сайын ұсынылуы тиіс.