Қазақстан БҰҰ Женева бөлімшесінде өткен қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты

Қазақстан БҰҰ Женева бөлімшесінде өткен қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты

Женева, 22 қараша 2022 ж. - Қазақстанның Тұрақты өкілдігі Ұлттар сарайында БҰҰ-ның Женевадағы Әйелдер гильдиясы ұйымдастырған жыл сайынғы «Балалар үшін бірігейік» қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты.

БҰҰ Женева бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая іс-шараның ашылуында сөз сөйлеп, жәрмеңкенің мәдени әртүрлілігі мен игі мақсаттары БҰҰ құндылықтарының үлгісі екенін атап өтті.

Іс-шараға 60-тан астам ел қатысты. Ол жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен дипломатиялық корпус, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар және жалпы жұртшылықтан жүздеген қонақтарды тартады.

ҚР Тұрақты өкілдігі қайырымдылық жәрмеңкесіне жыл сайын қатысады. Биылғы жылы әрбір қатысушы Қазақстанға бармай-ақ еліміздің мәдениеті мен тарихымен жақынырақ танысуға, сондай-ақ ұлттық тағамдарымыздан дәм татуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қонақтарға ерекше кәдесыйлар мен сыйлықтар ұсынылды.

Жәрмеңкенің басты мақсаты - қиын жағдайға тап болған балаларға көмектесу үшін күш біріктіру. Барлық жиналған қаражат бүкіл әлем бойынша балаларды қолдауға арналған жобаларды іске асыруға бағытталады.