Республика күні Женевада атап өтілді

Республика күні Женевада атап өтілді

Женева, 2022 жылғы 9 қараша - Қазақстан Республикасының күніне орай  халықаралық дипломатияның орталығы – Женева қаласында ресми қабылдау өтті.

Салтанатты іс-шараға жоғары лауазымды қонақтар – Женевада орналасқан халықаралық ұйымдардың және үкіметтік емес ұйымдар басшылары, женевалық іскер топтар, дипломатиялық корпус және халықаралық құрылымдарда қызмет атқарып жатқан қазақстандық азаматтар қатысты.

БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая іс-шараға жиналған қауымды құттықтап, Қазақстан туралы жылы естеліктермен бөлісті. Валовая ханым сондай-ақ ҚР-дың бейбітшілікті қорғаудағы және бітімгершілік рөлін атап өтті.

Қазақстанның Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев өз сөзінде қонақтар мен отандастарымызды осы айтулы күнмен құттықтап, бұл мереке ұлтымыздың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн екенін атап өтті. Ол қазіргі тұста ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформалар туралы хабарлап, оларды жүзеге асыруда заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау негізгі басымдық болып табылатынын айтты. Қоғамдық-саяси өзгерістер мен алдағы президенттік сайлаудың Әділетті Қазақстан құрудағы маңызына тоқталды.

Биыл ұлттық мейрам мәртебесінде тойлана бастаған Республика күні еліміздің БҰҰ-ға кіруінің 30-жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Ерлан Әлімбаев осы уақыт ішінде Қазақстан мен Ұйым өңірлік және жаһандық бейбітшілікке, тұрақтылыққа және дамуға ұмтылуда тығыз ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.  

Тұрақты өкіл Қазақстан халқының қонақжайлық мінезін айта келе қабылдауға қатысушыларды елімізге келуге шақырды. Қонақтар еліміздің мәдениетін, табиғаты мен жетістіктерін көрсететін фотосуреттер көрмесін тамашалап, киіз үй жабдықтары және музыкалық аспаптармен танысып, сондай-ақ ұлттық тағам түрлерінен дәм татты.