Женевада ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні атап өтілді

Женевада ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні атап өтілді

Женева, 2022 жылғы 5 қыркүйек – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде «Шиеленісіп жатқан қауіпсіздік жағдайында ядролық қауіпті азайту және қарусыздану» тақырыбындағы арнайы іс-шара өтті. Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігі аталған кездесуді «Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үшін парламентарийлермен» (PNND), World Future Council және Youth Fusion үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шараны ашқан Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Ерлан Әлімбаев Семей сынақ полигонын жабу ядролық сынақтарға жаһандық мораторий жариялауға және 1996 жылы әлемдік қоғамдастықтың Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қабылдауына әкелген негізгі қадамдардың бірі екенін атап өтті. Қазақстандық дипломат ядролық сынақтардың құрбандарына көмек көрсетудің және қоршаған ортаны қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

Бұдан басқа, Тұрақты өкіл Әлімбаев қатысушыларды Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі мазмұнымен таныстырып өтті. Қазақстандық дипломат ҚР өзінің прагматикалық ұзақ мерзімді басымдықтарына бейілділігін тағы да растағанын атап өтті.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Т.Валовая БҰҰ атынан елімізге ядролық қаруды таратпауға, қарусыздануға және ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге бағытталған күш-жігері үшін ризашылығын білдірді. Бұған қоса, қарусызданудың күн тәртібін ілгерілету және өзара сенім шараларын нығайту жөніндегі күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Маршалл аралдарының Тұрақты өкілінің орынбасары С. Ланви Джуниор осы ел ядролық сынақтардан зардап шеккендердің бірі болып табылатынын атап өтіп, қатысушыларға «Маршалл аралдарындағы адам құқықтары үшін ядролық мұраның салдарын қарау үшін техникалық көмек және әлеуетті арттыру» атты қарар жобасын БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің қарауына шығару жоспарлары туралы хабарлады.

PNND кеңесінің мүшесі, Швейцария Парламентінің бұрынғы депутаты М.Кинер Неллен өз баяндамасында әскери бюджеттерді қысқарту және осы қаражатты бейбітшілікті, қарусыздану мен дамуды қолдауға бағыттау жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Қатысушыларды 2022 ж. шілдеде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы қабылдаған Бирмингем декларациясымен таныстырды, ол бірінші болып ядролық қаруды қолданбау қағидатын және ядролық қауіпті азайту мен қарусыздану жөніндегі басқа да шараларды қабылдауға шақырады.

Базель бейбітшілік кеңсесі (Basel Peace Office) директорының орынбасары, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Жастар тобының мүшесі М.Нұржан климаттың өзгеруі және ядролық қаруды тарату сияқты жаһандық проблемаларды шешуге жастарды тартудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушыларды бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жастардың халықаралық бастамалары, соның ішінде қарусыздандыру тақырыбындағы тақырыптық подкасттар сериясы туралы хабардар етті.

Кездесуге Орталық Азия, Мексика, Беларусь, Жаңа Зеландия елдерінің тұрақты өкілдері, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше басқа елдердің және Женевадағы халықаралық ұйымдардың делегаттары қатысты.

2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Семей сынақ полигоны жабылған күнді Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялаған болатын.