Женевада Қазақстандағы саяси реформалар талқыланды

Женевада Қазақстандағы саяси реформалар талқыланды

Женева, 2022 жылғы 24 маусым – Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігінің бастамасы бойынша Еуропалық одақтың Тұрақты өкілдігімен бірлесіп және Өлім жазасын жою жөніндегі халықаралық комиссияның (Комиссия) қолдауымен өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы жалпыұлттық референдум мен саяси реформалардың қорытындылары талқыланды.

Іс-шараға Швейцария Конфедерациясының бұрынғы президенті және Комиссия Вице-президенті Рут Дрейфус, сондай-ақ Швейцария, Тәжікстан, Сьерра-Леоне, Еуроодақ, Түрікменстан, Малайзия, Ұлыбритания, Өзбекстан, Аустралия, Пәкістан және Мексика өкілдерін қоса алғанда, әлемнің барлық өңірлерінен делегациялар қатысты.

Дөңгелек үстел Қазақстан үшін 2022 жылғы 24 маусымда еліміз 2021 жылы ратификациялаған Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманың күшіне енуіне орайластырылды.

Қатысушылар пікір алмасу барысында Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформалардың маңыздылығын егжей-тегжейлі талқылап, оларды мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру мен қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадам деп атады. Сарапшылар ү.ж. 5 маусымда өткен Конституцияға өзгерістер, оның ішінде өлім жазасына тыйым салатын түзетулер туралы ұлттық референдумның қорытындыларын оң бағалады.

Өз сөзінде Тұрақты өкіл Ерлан Әлімбаев ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасы мен елімізде жүргізіліп жатқан кең ауқымды реформалар туралы хабарлап, оларды жүзеге асыруда заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау негізгі басымдық болып табылатынын атап өтті.