Қазақстан пандемиядан кейінгі қалпына келтіру контекстінде гендерлік теңдік мәселелері бойынша АҚК-нің пікірталасына қатысты

Қазақстан пандемиядан кейінгі қалпына келтіру контекстінде гендерлік теңдік мәселелері бойынша АҚК-нің  пікірталасына қатысты

Женева, 2021 жылдың 6 шілдесі - БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 47-ші сессиясы аясында «Гендерлік теңдік негізінде Ковид-19 пандемиясынан кейін әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру» тақырыбы бойынша әйелдердің құқықтары мәселесі бойынша жыл сайынғы талқылау өтті. Іс-шараның қатысушылары бұл мәселе жөнінде пікір алмасты және оны шешу үшін мемлекеттер қабылдаған шаралар туралы ақпарат берді.

Пікірталасты ашқан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет пандемия негізінен әйелдер қатысатын экономика салаларына теріс әсер еткенін атап өтті. Жоғарғы комиссар әйелдердің көп жағдайда шешім қабылдау процесіне қатыспайтындығына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты М.Бачелет БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді экономиканы қалпына келтіруге және гендерлік теңдік саласындағы жағымсыз салдардың алдын алуға күш салуға шақырды.

Пікірталас шеңберінде Қазақстанның Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Қазақстанның гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша күш-жігері туралы хабардар етті. 2019 жылы ұсынылған Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның орындалу барысы туралы есептің қорытындылары бойынша БҰҰ-ның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, гендерлік кемсітушілікке және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге қатысты ұсынымдары Қазақстанда назарға алынды және ұлттық жоспарларда көзделген. Бұл жұмыс пандемиядан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде өте маңызды болып табылады.

Ж.Айтжанова 1 шілдеде «Generation Equality Forum» барысында ұсынылған гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімдері туралы пікірталастың қатысушыларын хабардар етті. Бұдан басқа, Тұрақты өкіл Қазақстанның кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін қабылдап жатқан шараларының нақты мысалы ретінде ЕҚДБ қаржыландыруымен «Бизнестегі әйелдер» жобасының табысты іске асырылуын атап өтті.  

Сөз соңында Ж.Айтжанова Қазақстан әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімін қайта қарауға, сондай-ақ, әйелдер мен балаларды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдауды күшейтуге ниетті екенін айтты.