Қазақстан ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының негізгі басымдықтары туралы дүниежүзілік бизнес қауымдастығына хабарлады

Қазақстан ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының негізгі басымдықтары туралы дүниежүзілік бизнес қауымдастығына хабарлады

Женева қаласы, 2021 жылдың 23 маусымы – Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Тұрақты Өкілі Елші Жанар Айтжанова «Сауда мәселелері бойынша бизнеспен диалог» атты бейнеконференцияда Қазақстанның ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының (МК-12) Төрағасы ретіндегі басымдықтарымен таныстырды.

ДСҰ Бас директоры Н.Оконджо-Ивеала алғы сөз сөйледі. Іс-шараның спикерлері Халықаралық сауда палатасының (ICC) төрағасы А.Банга, ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы, Елші Д. Кастильо, «Бизнес-20 қауымдастық» (В20) төрағасы Э. Марчегалия, сондай-ақ ДСҰ-ға мүше бірқатар елдердің делегация басшылары болды.

ДСҰ Бас директоры Н.Оконджо-Ивеала әлемдік бизнес қоғамдастықты МК-12-де маңызды нәтижелерге қолжеткізу, COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру, сауданың ашықтығын сақтау және реформалар арқылы сауда жүйесін нығайту мақсатында Ұйыммен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы Елші Д.Кастильо дүниежүзілік іскерлік қоғамдастық өкілдерін ДСҰ-ның жаһандық конференциясы Қазақстанның төрағалығымен осы жылғы 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Женевада өтетіні туралы хабардар етті.

Тұрақты Өкіл Ж.Айтжанова бизнес өкілдерін МК-12 барысында нақты шешімдерді күтетін негізгі салалармен таныстырды. Сонын ішінде, COVID-19 пандемиясына қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар ретінде күтілетін көпжақты шешімдердің ішінде барлық елдер үшін вакциналар мен медициналық тауарларға еркін қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Елші Ж.Айтжанова маңызды медициналық тауарларды жеткізу және вакциналарға әділ қолжеткізудегі тізбекті қамтамасыз етудегі ДСҰ-ның негізгі рөлін атап өтті.

Балық аулауды субсидиялау жөніндегі келіссөздерді табысты аяқтау МК-12-нің маңызды нәтижелерінің бірі болуы қажет. Балық аулауды субсидиялау жөніндегі жаңа Келісім БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 14.6-міндетіне қол жеткізуге ықпал ететін болады.

Ж.Айтжанованың пікірінше, ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша азық-түлік көмегін қамтамасыз ету және БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы шеңберінде гуманитарлық мақсаттарына пайдаланылатын және сатып алынатын азық-түлік тауарларына экспорттық шектеулерді алып тастау арқылы әлемдік ауыл шаруашылығы нарығындағы сауда шектеулерін жою жөнінде шешімдер күтілуде.

МК-12 күн тәртібіне ДСҰ-ның Апелляциялық органының проблемасын шешу және Дауларды шешу жөніндегі органның толыққанды қызметін қалпына келтіру мәселесін енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Елші Ж.Айтжанова COVID-19 пандемиясынан кейін бизнестің қалпына келуіне көмектесетін маңызды плюрилатералдық бастамаларды, атап айтқанда қызметтерді ішкі реттеу, электрондық сауда және   инвестицияларды көтермелеу мәселелері бойынша жаһандық сауданың жаңа ережелерін атап өтті.

Іс-шараға 80-нен астам жеке компаниялардың және бизнес-қауымдастықтардың өкілдері қатысты, cонын ішінде: Еуропалық американдық сауда палатасы (AmCham EU), Австралиялық сауда-өнеркәсіп палатасы, Оңтүстік Африканың бизнес бірлігі, Еуропалық бизнес-қауымдастығы «BusinessEurop», «Deloitte», «FedEx», «Google», «IKEA», «Mastercard», «Pfizer», «Walmart».