Қазақстан МК-12-ге дайындық аясында ДСҰ-ның екі бастамасына қатысуға дайын екенін растады

Қазақстан МК-12-ге дайындық аясында ДСҰ-ның екі бастамасына қатысуға дайын екенін растады

Женева қаласы, 2021 жылдың 22 маусымы – Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова ДСҰ-ның Бас кеңесі барысында ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының басым мәселелерін талқылау мақсатында сөз сөйледі.

ҚР Тұрақты өкілі Ж.Айтжанова Қазақстанның ДСҰ-ға мүше елдердің COVID – 19 пандемиясымен күрес («Сауда және денсаулық») және БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен гуманитарлық мақсатта сатып алынатын азық-түлікке экспорттық шектеулерді жою туралы екі бірлескен мәлімдемесі мен бастамаларына қосылуын атап өтті.

COVID-19 пандемиясын еңсеруге ДСҰ-ның үлесін қамтамасыз ету ұйымның 12-ші министрлік конференциясының басым мәселесі болып табылады. Осыған байланысты Қазақстан МК-12-де нақты шешімдер қабылдау үшін тиісті мәселелерді одан әрі талқылауға үлкен мән береді.

ДСҰ-ның аталған мәлімдемелері COVID-19 пандемиясымен күресу үшін қажетті медициналық препараттар мен тауарларды сату кезінде артық сауда кедергілерін жоюға, сондай-ақ БҰҰ ұсынатын аса маңызды гуманитарлық өнімді COVID-19 пандемиясының салдарынан зардап шеккен мұқтаж елдерге жеткізуді жеңілдетуге бағытталған.

Қазіргі уақытта COVID-19 пандемиясымен күрес жөніндегі бастаманы ДСҰ-ның 25 мүшесі қолдайды, ал ДСҰ-ның 54 мүшесі БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен сатып алынатын өнімдерге экспорттық шектеулерді алып тастау туралы мәлімдемеге қосылды. Бұл ретте, аталған бастамаларды қолдайтын елдердің саны ұдайы өсіп келеді.