
2026 жылғы 8 шілде, Женева – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастаған ҚР ресми делегациясы 2026 жылғы 6-7 шілдеде Женевада өткен БҰҰ-ның жасанды интеллект бойынша алғашқы Жаһандық диалогына қатысты.
БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің ең жоғары лауазымды 10 делегатының қатарында сөз сөйлеген Ж.Мәдиев БҰҰ аясындағы ашық және әділ келіссөздер үдерісін қолдайтынын білдіріп, әлемдік қауымдастықты деректерді қорғау, ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігі, ашықтығы және есеп берушілігі салаларындағы ортақ шараларды әзірлеуге, сондай-ақ инклюзивтілік пен оперативті үйлесімділік қағидаттарына негізделген халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге шақырды.
Үкімет басшысының орынбасары Қазақстанның жаңа Конституциясының ережелері және салалық нормативтік-құқықтық базасы, сондай-ақ Digital Qazaqstan стратегиясы, Astana Hub, Деректер орталықтарының алқабы, Alem.ai халықаралық орталығы және басқа да білім беру бастамаларына негізделген ұлттық ЖИ экожүйесін құру мәселелерін атап өтті. Алматыдағы БҰҰ-ның жаңа құрылымдары – Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталық және Орнықты даму даму үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталық аясында халықаралық серіктестермен практикалық ынтымақтастық орнатуға ерекше назар аударылды.
Қазақстан мен БҰҰ-ның бірлескен бастамалары Ж.Мәдиев пен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің екіжақты кездесуі барысында да талқыланды. Бас хатшы Қазақстанның көпжақты жүйені нығайтудағы және бүкіл Орталық Азия өңіріндегі орнықты дамуды ілгерілетудегі бірегей үлесі мен дипломатиялық іс-әрекетіне жоғары баға берді.
БҰҰ жаһандық диалогы барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай да ЖИ дәуіріндегі мемлекеттік аппараттың цифрлық трансформациясы туралы сөз сөйледі. Атап айтқанда, Д.Жазықбай, ЖИ технологияларын пайдалана отырып, кадрлық шешімдердің ашықтығын арттыруға және кандидаттар арасында тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған e-Qyzmet платформасына негізделген кадрларды басқару саласындағы ақпараттық жүйелерін біріктіру жолындағы Қазақстанның озық тәжірибелерін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы Жаһандық диалог аясында жоғары деңгейдегі шетелдік делегациялармен бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, ЖИ саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ұлттық кадрлардың біліктілгін арттыру және тиісті халықаралық құрылымдар шеңберіндегі жұмысты үйлестіру мәселелерін талқылады.
Ж.Мәдиев бастаған ҚР делегациясы Халықаралық электр байланысы одағының (ITU) аясында осы күндері Женевада өтіп жатқан «Игілік үшін жасанды интеллект (Ai for Good)» саммиті мен Ақпараттық қоғам жөніндегі дүниежүзілік саммиттің (WSIS) жыл сайынғы форумына қатысуын жалғастыруда.