Қазақстан мен БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі әйел көшбасшыларға арналған халықаралық фотокөрмені ашты

Қазақстан мен БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі әйел көшбасшыларға арналған халықаралық фотокөрмені ашты

Женева, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесімен бірлесіп, Ұлттар Сарайында «Бұл әйелдің ісі емес пе? Елдердің, қоғамдар мен қауымдастықтардың әйел көшбасшылары» атты халықаралық фотокөрменің ашылуын ұйымдастырды.

Экспозиция мемлекеттердің, қоғамдардың және жергілікті қауымдастықтардың дамуына өз еңбегі мен көшбасшылығы арқылы елеулі үлес қосып жүрген әйелдердің фотосуреттері мен өмірлік оқиғаларын біріктіреді. Жоба көшбасшылықтың гендерлік шекарасы жоқ екенін, ал әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне, дипломатияға, мемлекеттік басқаруға, бизнеске, ғылымға, мәдениетке және азаматтық қоғамға толыққанды қатысуы орнықты, әділетті әрі инклюзивті қоғам құрудың маңызды шарты екенін көрсетуге бағытталған.

Биылғы жылы көрме халықаралық қоғамдастықтың кең қолдауына ие болды. 45-тен астам Тұрақты өкілдік әйелдердің қоғамдық және саяси өмірдегі, бейбітшілік орнатудағы, гуманитарлық қызметтегі, білім беру, мәдениет және жергілікті басқару салаларындағы рөлі туралы баяндайтын фотоматериалдарын ұсынды.

Қазақстандық тарап ашылу салтанатында бұл көрме фотосуреттер мен жеке оқиғалар арқылы әйелдердің мемлекеттердің, қоғамдардың және жергілікті қауымдастықтардың болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлін тағы бір мәрте айқындайтынын атап өтті. Сонымен қатар әйел көшбасшыларға деген құрмет Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасында терең тамыр жайғаны айтылды. Мұның жарқын көрінісі – даналығы, батылдығы және мемлекет басқарудағы көшбасшылық қасиеттерімен бүгінгі ұрпаққа шабыт беріп келе жатқан аңызға айналған Томирис патшайым.

Сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан және жаңартылған Конституцияда бекітілген саяси әрі институционалдық реформаларға, әйелдердің қоғамдық өмірге қатысуын кеңеюіне, олардың құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға, сондай-ақ гендерлік теңдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған мемлекеттің дәйекті шараларына ерекше назар аударылды.

Ашылу рәсіміне дипломатиялық миссиялардың басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері, азаматтық қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар көрменің әйел көшбасшылардың жетістіктерін мойындауға, озық тәжірибе алмасуға, гендерлік теңдік қағидаттарын ілгерілетуге және әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне қатысу рөлін кеңейтуге арналған халықаралық алаң ретіндегі маңызын атап өтті.