Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі алаңында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуге шақырды

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі алаңында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуге шақырды

Женева, 2026 жылғы 24 маусым – Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің өтіп жатқан 62-сессиясы аясында әйелдер мен қыздарға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны жою мәселесіне арналған панельдік пікірталас өтті.

Панельдік пікірталастың негізгі спикерлерінің бірі ретінде Қазақстан Дағдарыс орталықтары одағының президенті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Зүлфия Байсақова сөз сөйледі. Ол Қазақстанның дағдарыс орталықтары жүйесін дамыту, зардап шеккендерге психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың қайталануының алдын алу бойынша ведомствоаралық тетіктерді енгізу жөніндегі практикалық тәжірибесін таныстырды.

Өз сөзінде З.Байсақова Қазақстанда 50 дағдарыс орталығы жұмыс істейтінін, олардың ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту және әлеуметтендіру қызметтерін мемлекеттік қолдау аясында көрсетуге лицензиясы бар 37 орталық бар екенін атап өтті. Зардап шеккендерге кешенді көмек көрсетуге, зорлық-зомбылықтың куәгері болған балаларды қорғауға, сондай-ақ агрессорлармен жұмыс істеуге бағытталған пилоттық бағдарламаларға ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында Женевадағы Қазақстанның БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан бір топ мемлекет атынан бірлескен мәлімдеме жасады. Құжат БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің кең өңіраралық қолдауына ие болып, осы саладағы Қазақстан бастамаларына халықаралық қоғамдастықтың жоғары деңгейдегі назарын растады.

Мәлімдемеде тұрмыстық зорлық-зомбылық әйелдер мен қыздардың өмір сүру, қауіпсіздік, денсаулық, қадір-қасиет, теңдік және кемсітпеушілік құқықтарына нұқсан келтіретін адам құқықтарының елеулі бұзылуы болып қала беретіні атап өтілді. Мемлекеттер алдын алу, қорғау, сот төрелігіне қол жеткізу, кінәлілердің жауапкершілігін қамтамасыз ету және қолдау қызметтерін дамыту шараларын қамтитын кешенді, үйлестірілген әрі зардап шеккендерге бағдарланған тәсілді қолдануға шақырды.

Қазақстан әйелдер мен қыздарды зорлық-зомбылықтан қорғаудың тиімді ұлттық жүйелерін дамыту, озық тәжірибемен алмасу және халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі жұмысын жалғастыруға дайын екенін растады.

Талқылау қорытындысы бойынша БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мемлекеттерге арналған тиісті баяндама мен ұсынымдар әзірлейді.