
Женева, 2026 жылғы 11 маусым – Қазақстанның Швейцариядағы дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен Женева қаласында «Kazakhstan Commodity Forum» форумы өтті. Іс-шараға мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, швейцариялық және халықаралық қаржы институттары, сондай-ақ Gunvor, Mercuria, Fracht Group, MSC, SOCAR, COFCO, ADM, Louis Dreyfus Company, Cargill және ESM Foundation секілді шикізат саудасы, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика салаларындағы жетекші халықаралық компаниялардың өкілдері қатарынан 200-ге жуық қатысушы жиналды.
Форум аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, «ҚазМұнайГаз» және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниялары, сондай-ақ Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының өкілдері жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы тәсілдерін таныстырды.
Панельдік пікірталастарға қатысушылар Қазақстанның энергетика, логистика және стратегиялық ресурстар жеткізу салаларындағы сенімді серіктес ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, экспорттық әлеуетті арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және елді халықаралық өндірістік-логистикалық тізбектерге ықпалдастыру мәселелері үлкен қызығушылық тудырды.
Форум энергетика, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен және көлік-инфрақұрылым салаларындағы сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша мазмұнды әрі сындарлы пікір алмасуға арналған тиімді алаңға айналды. Жетекші компаниялардың кеңінен қатысуы және форумға қатысушылардың оң пікірлері швейцариялық бизнес қауымдастықтың Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте растады.
Kazakhstan Commodity Forum форумын өткізудің бастамашысы Commodity Trading Club болды, ал іс-шараның қаржылық серіктесі ретінде «Harvest Agro» компаниясы қолдау көрсетті.