
Женева, 2026 жылғы 8 маусым — Қазақстан Женевада өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясында жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек нарығының болашағына қатысты өз ұстанымын ұсынды.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа технологиялық шындық мемлекеттерден тек салдарға ден қоюды емес, қызметкерлерді проактивті қорғау тәсілдеріне көшуді талап ететінін атап өтті. Министрдің айтуынша, 2035 жылға қарай жасанды интеллектінің ықпалы Қазақстандағы кәсіптердің жартысына жуығын қамтиды. Бұл ретте мәселе жұмыс орындарының жойылуында емес, еңбек функцияларының трансформациясында, қызметкерлердің дағдыларын жаңартуда және жұмыс берушілердің жаңа жағдайларға бейімделуінде болып отыр.
Өз сөзінде министр Қазақстан алдын ала әрекет ету қағидаты негізінде жұмыспен қамтуды болжау жүйесін, Кәсіптерді трансформациялау ұлттық орталығын және цифрлық жұмыспен қамту сервистерін дамытып жатқанын мәлімдеді. Бұл жұмыс берушілерге кадрлық қажеттіліктерді неғұрлым тиімді жоспарлауға және адами капиталды басқаруға, ал азаматтарға дербестендірілген қолдау алуға мүмкіндік береді.
Конференцияға қатысу аясында министр Халықаралық еңбек ұйымының Бас директоры Жильбер Унгбомен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен Ұйым арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін, оның ішінде Лайықты еңбекке жәрдемдесу жөніндегі жол картасын іске асыруды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, әлеуметтік диалог, ең төменгі жалақы және әлеуметтік қорғау салаларындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ Лайықты еңбек жөніндегі жаңа елдік бағдарламаны әзірлеу перспективаларын талқылады.
Қазақстанның Халықаралық еңбек конференциясының 114-сессиясына қатысуы елдің лайықты еңбек, әлеуметтік әділеттілік және жаңа технологияларды адамға бағдарланған түрде енгізу қағидаттарына бейілдігін тағы да растады.
Анықтама: Халықаралық еңбек конференциясы — Халықаралық еңбек ұйымының жоғары органы. Ол жыл сайын Ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтері, жұмыс берушілері мен қызметкерлерінің өкілдерін біріктіреді. Конференция аясында еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларындағы негізгі мәселелер талқыланып, халықаралық еңбек нормалары мен Ұйым қызметінің басымдықтарын айқындайтын шешімдер қабылданады.