Қазақстан халықаралық қоғамдастықты халықаралық гуманитарлық құқықты қолдауды күшейтуге шақырды

Қазақстан халықаралық қоғамдастықты халықаралық гуманитарлық құқықты қолдауды күшейтуге шақырды

Женева, 2026 жылғы 2 маусым. Әлемнің түрлі өңірлерінде жалғасып жатқан қарулы қақтығыстар аясында Қазақстан, Бразилия, Қытай, Франция, Иордания және Оңтүстік Африка Республикасының тұрақты өкілдері, сондай-ақ Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің Президенті Женевада Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі Жаһандық бастама бойынша бірлескен брифинг өткізді.

Брифинг 2026 жылғы 7 желтоқсанда Иорданияда өтетін «Соғыс кезіндегі адамгершілік» (Humanity in War) атты жоғары деңгейдегі конференцияға дайындыққа, сондай-ақ қазіргі қарулы қақтығыстар жағдайында халықаралық гуманитарлық құқықтың сақталуын нығайтуға бағытталған Бастаманы одан әрі ілгерілету мәселелеріне арналды.

Іс-шара барысында Бастаманың негізін қалаушы алты мемлекеттің өкілдері халықаралық қоғамдастықтың халықаралық гуманитарлық құқық нормаларына берік бейілділігін сақтау, азаматтық халықты қорғауды қамтамасыз ету және гуманитарлық қағидаттарға саяси қолдауды күшейту қажеттігін атап өтті.

Женева қаласындағы Қазақстан Республикасының БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан Қазақстанның Жаһандық бастаманың негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде гуманитарлық саладағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуды және халықаралық гуманитарлық құқықтың неғұрлым тиімді сақталуына бағытталған практикалық шараларды ілгерілетуді дәйекті түрде қолдайтынын атап өтті.

Брифинг қатысушылары алдағы Жоғары деңгейдегі конференцияға белсенді қатысуға және Жаһандық бастаманы одан әрі іске асыруға шақырылды.

Анықтама: Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нығайту жөніндегі Жаһандық бастама 2024 жылғы қыркүйекте Қазақстан, Бразилия, Қытай, Франция, Иордания және Оңтүстік Африка Республикасының Халықаралық Қызыл Крест Комитетімен бірлескен бастамасы бойынша іске қосылды. Бүгінгі таңда Бастамаға әлемнің барлық құрлықтарынан 111 мемлекет қосылды, бұл халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын құрметтеу мен сақтауды нығайтуға деген кең халықаралық қызығушылықты растайды.