
Женева, 2026 жылғы 19 наурыз – Женевадағы Адам құқықтары жөніндегі кеңес сессиясының аясында Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілдігі Ұлттар сарайында БҰҰ-ның Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комитетіне (CRPD) мүшелікке Ляззат Қалтаеваның кандидатурасын таныстыруға арналған іс-шара өткізді. Іс-шараға елшілер, халықаралық ұйымдардың өкілдері және адам құқықтары саласындағы сарапшылар қатысты.
Іс-шараны ашқан Қазақстанның Тұрақты өкілі, елші Е.Қазыхан қатысушыларды қарсы алып, биылғы жылдың символдық маңызын атап өтті – бұл Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияның 20 жылдығы. Ол Қазақстанның көпжақты ынтымақтастыққа және адам қадір-қасиетін ілгерілетуге берік ұстанымын, сондай-ақ елдің БҰҰ-ның адам құқықтары механизмдерімен белсенді өзара іс-қимылын растады.
Сонымен қатар, Елші Қазақстанның мүгедектігі бар адамдардың мәдени құқықтары жөніндегі достар тобына қосылу туралы шешімін жариялап, Л.Қалтаеваны CRPD комитетіне Қазақстанның кандидаты ретінде ресми түрде таныстырды. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау қозғалысында 30 жылдан астам жетекшілік тәжірибесі бар, оның ішінде парламенттік және өңірлік деңгейлерде қызмет атқарған Л.Қалтаева инклюзивті саясатты дамыту мен әйелдер мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын ілгерілету саласында мол тәжірибеге ие.
Өз сөзінде Л.Қалтаева мүгедектігі бар адамдардың шешім қабылдау процестеріне қатысуының маңыздылығын, әсіресе климаттың өзгеруі, қақтығыстар және қоғамдық денсаулық сақтау дағдарыстары сияқты жаңа жаһандық сын-қатерлер жағдайында атап өтті.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комитет – Конвенцияның қатысушы мемлекеттер тарапынан орындалуын бақылайтын тәуелсіз сарапшылардан тұратын орган. CRPD комитетіне сайлау 2026 жылғы маусымда Нью-Йорк қаласында өтеді.