Қазақстанның бастамасымен Женевада медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық коалиция талқыланды

Қазақстанның бастамасымен Женевада медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Жаһандық коалиция талқыланды

Қазақстан Республикасының Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі Жаһандық коалицияға арналған Тұрақты өкілдер кездесуін өткізді. Іс-шараға елшілер, жоғары деңгейдегі дипломаттар және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) өкілдері қатысып, қазіргі күрделі жаһандық жағдайда МСАК-ны ілгерілету мәселелері бойынша бейресми пікір алмасты.

Кездесудің ашылуында Қазақстанның Тұрақты өкілі, Елші Е.Қазыхан еліміздің медициналық-санитарлық алғашқы көмек саласындағы көпжылдық көшбасшылығын атап өтті. Бұл көшбасшылық 1978 жылғы Алматы декларациясы мен 2018 жылғы Астана декларациясынан бастау алады. Ол гуманитарлық дағдарыстар, климаттық апаттар және теңсіздіктің өсуі жағдайында МСАК әділ әрі орнықты денсаулық сақтау жүйелерінің ең тиімді негізі болып қала беретінін айтты.

Елші Қазақстанның МСАК жөніндегі Жаһандық коалицияны диалог, әріптестік және нақты іс-қимылға арналған саяси платформа ретінде ілгерілетуге берік бейілділігін растады және алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаһандық денсаулық сақтау күн тәртібінің өзегінде сақтау үшін мүдделі серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Іс-шара барысында ДДСҰ өкілдері – Қызмет көрсету тиімділігі, қаржыландыру және қызметтер көрсету департаментінің директоры К.Чалкиду мен МСАК қызметтерін көрсету бөлімшесінің басшысы Ш.Сайед сөз сөйлеп, одан кейін жоғары деңгейдегі қатысушылардың пікірлері тыңдалды.

Қатысушылар ДДСҰ Бас директорының МСАК жөніндегі соңғы баяндамасына назар аударып, онда Жаһандық коалиция саяси міндеттемені сақтау және тәжірибе алмасу тетігі ретінде танылғанын атап өтті. Сонымен қатар болашақтағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қазақстан МСАК жөніндегі Жаһандық коалицияны 2023 жылы медициналық-санитарлық алғашқы көмекке жоғары деңгейдегі саяси назар аударуды көздейтін ерікті, өңіраралық платформа ретінде бастамашылық етті. Қазіргі уақытта Коалицияға ДДСҰ-ны қоса алғанда 24 серіктес ел мүше болып табылады және оған жаңа мемлекеттердің қызығушылығы артып келеді.