
Женева қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Е.Қазыхан және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директоры Ж.Унгбо Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы № 131 конвенцияны Қазақстан Республикасының депозиттеуі рәсіміне қатысты.
Салтанатты рәсім барысында Елші Е.Қазыхан бұл конвенцияны ратификациялау Қазақстанның жұмысшылар мен олардың отбасыларының қажеттіліктерін ескере отырып, ашық критерийлер негізінде ең төменгі жалақыны айқындаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру қағидаттарына берік ұстанымын көрсететінін атап өтті. Ол бұл қадам ел саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын және еңбекшілердің әлеуметтік қорғалуы деңгейін арттыруға бағытталғанын растады.
Өз кезегінде ХЕҰ Бас директоры Ж.Унгбо Қазақстанның аталған конвенцияны ратификациялауы халықаралық еңбек стандарттарын ілгерілету ісіне елеулі үлес болып табылатынын айтты. Оның пікірінше, бұл қадам жұмысшыларды қорғаудың ұлттық тетіктерін одан әрі дамытуға, сондай-ақ үкімет, жұмыс берушілер мен жұмысшылар ұйымдары арасындағы әлеуметтік диалогты нығайтуға ықпал етеді.
Анықтама: № 131 конвенцияны ратификациялау туралы Заңға Қазақстан Республикасының Президенті ағымдағы жылғы 20 қазанда қол қойған. Қазақстан Республикасының ратификациялық грамотасын Халықаралық еңбек ұйымына сақтауға тапсыру болып табылатын депозиттеу рәсімінен кейін бұл шарт еліміз үшін бір жылдан соң күшіне енеді. Осылайша Қазақстан Конвенцияны ратификациялаған 57-ші мемлекет болды.