Қазақстанның көші-қон саласындағы бастамалары Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы Кеңесінің 116-сессиясында таныстырылды

Қазақстанның көші-қон саласындағы бастамалары Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы Кеңесінің 116-сессиясында таныстырылды

2025 жылғы 8-12 желтоқсан аралығында Женевада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Ертаевтың жетекшілігімен қазақстандық делегация Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымы (КХҰ) Кеңесінің 116-сессиясына қатысуда.

Министрлік сегментінде жасалған баяндамасында А.Ертаев Қазақстанның көші-қон саясатының негізгі бағыттарын таныстырып, қауіпсіз, реттелген және жүйелі көші-қон қағидаттарына еліміздің берік бейілділігін, сондай-ақ КХҰ және мүше мемлекеттермен өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстанның Орталық Азиядағы көші-қон ағындарын басқаруға бағытталған өңірлік тетіктерді нығайтуға арналған бастама – Алматы процесіне төрағалық етуі туралы мәлімет берілді.

Іс-шараның маңызды оқиғаларының бірі – танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің КХҰ-ның Жаһандық ізні ниет елшісі ретінде тағайындалуы болды. Аталған шешім Қазақстанның гуманитарлық күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесінің халықаралық деңгейде өсіп келе жатқанының дәлелі және мигранттардың құқықтарын қорғау мен КХҰ бастамаларын қолдау мәселелеріне жаһандық қоғамдастықтың назарын күшейтуге мүмкіндік береді.

Сессия аясында А.Ертаев КХҰ Бас директорының орынбасары Угочи Дэниелспен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан тарапынан Бірыңғай көші-қон порталы Migration.enbek.kz платформасының жұмысы, оның негізгі цифрлық сервистері және көші-қон рәсімдерін жаңғыртудағы рөлі таныстырылды.

Тараптар көші-қон процестерін цифрландыру және мигранттардың құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.