Женева, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан БҰҰ бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валоваяға өз уәкілеттілігін табыс етіп, міндеттерін ресми түрде атқаруға кірісті.
Әңгімелесу барысында Елші Е.Қазыхан Т.Валоваяға ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ілтипатын жеткізіп, Қазақстанның Женевадағы БҰҰ бөлімшесінің жұмысын одан әрі қолдайтынын қуаттады. Т.Валовая өз кезегінде Қазақстанның БҰҰ аясындағы белсенді жұмысын құптап, Тұрақты өкілді Бөлімше қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды.
Сонымен қатар, тараптар бірлескен жобалар мен көпжақты іс-шараларды ұйымдастыру мәселелерін, БҰҰ-ның Женева алаңында Қазақстанның ірі халықаралық бастамаларын одан әрі ілгерілету перспективаларын талқылады. Алматыдағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығының жұмысы мен келесі жылы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке ерекше назар аударылды.