Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның цифрлық болашағы туралы көзқарасын айқындады

Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның цифрлық болашағы туралы көзқарасын айқындады

2025 жылғы 8 қыркүйек, Астана – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы негізгі міндеттер мен олардың шешімдері» тақырыбында жыл сайынғы халыққа жолдауын жасады. Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияға, инвестицияларды жаңғыртуға, жаһандық байланыстарға және институционалдық жаңаруға бағытталған амбициялық реформалар бағдарламасын ұсынды.

Жолдаудың негізгі мәні – Қазақстанның жасанды интеллект дәуірінде көшбасшы болуға деген ұмтылысы. Президент Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы жариялады, оны Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқарады. Жаңа орган Қазақстанды үш жыл ішінде «жаппай цифрлық ел» мәртебесіне жеткізуге жетекшілік етеді. Президент жасанды интеллект, ауқымды  деректер және платформалық экономиканы қамтитын кешенді Цифрлық кодексті тез арада қабылдауды тапсырды, сондай-ақ Үкіметке экономиканың барлық секторларына ЖИ-ді толық енгізуді қамтамасыз етуді міндеттеді.

«Жасанды интеллект енді абстрактті ұғым емес, – деді К.Тоқаев. – Ол қазірдің өзінде, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Қазақстанда бұл трансформацияны қабылдаудан басқа жол жоқ». Ол сондай-ақ қаржылық инновациялардың маңыздылығын атап өтіп, стратегиялық крипторезерв құру үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құруды жариялап, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету мен нарыққа жаңа қатысушыларды тарту үшін жыл соңына дейін жаңа Банктер туралы заң қабылдауды ұсынды.

Цифрлық трансформациямен қатар, Президент инвестициялар мен экономиканы жаңғыртуға назар аударды. Ол инвестицияларды тарту жүйесін жаңартуды талап етіп, шамадан тыс бюрократия тиімділікті төмендететінін атап өтті. «Инвестицияларды тарту – жаңа тәсілдерді қажет ететін басымдық», — деді ол, бұл процесті Премьер-Министрдің жеке бақылауында болатынын баса айтты. Қ.Тоқаев жергілікті биліктің экономикалық нәтижелеріне жауапкершілігін арттыру үшін  аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуді ұсынды, сонымен қатар Ұлттық қордың рөлін қайта қарауды ұсынды. «Қордың ресурстары жоғары нарықтық әлеуеті бар перспективалы жобаларды қаржыландыру үшін ұтымды пайдаланылуы керек», — деді ол.

Көлік және логистика Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көпір ретіндегі рөлін нығайтуына байланысты жолдауда маңызды орын алды. Қ.Тоқаев «Шығыс–Батыс дәлізі үшін ерекше маңызы бар» деп сипаттаған Достық–Мойынты екі жолды теміржол құрылысының жақын арада аяқталатынын жариялады және басқа маңызды теміржол желілерінде уақтылы ілгерілеуді уәде етті. Ол қазан айына дейін жеке операторларға тең автоматтандырылған қолжетімділікті қамтамасыз ететін Smart Cargo бірыңғай цифрлық кеден және логистика платформасын іске қосуды тапсырды. Авиация саласында ол Қазақстанның Еуразия кеңістігінде жетекші хаб болуға ұмтылысын растады, шетелдік серіктестермен ұлттық жүк тасымалдаушысын құруды және жаңа әуежайларды жаһандық логистикалық тізбектерге біріктіруді ұсынды.

Сыртқы саясатта Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның көпвекторлы тәсілін растады, тепе-теңдік пен сындарлы қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті. Ол АҚШ пен Ресейдің Аляскадағы диалогы және Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт күш-жігерді қоса алғанда, соңғы жоғары деңгейдегі саммиттердің нәтижелерін құптады және Қазақстанның Қытай, Түркия, Орталық Азия, Еуропалық Одақ және АҚШ-пен серіктестігінің өсуін атап өтті. Алдағы уақытта ол Біріккен Ұлттар Ұйымының, әсіресе оның Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы қажеттігін баса айтты. «БҰҰ-ның баламасы жоқ, – деді ол, – дегенмен БҰҰ-ны, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді». Ол Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының алдағы сессиясында Қазақстанның жаһандық реформаға қатысты ұстанымын ұсынатынын қосып айтты.

Президент сонымен қатар ұзақ мерзімді саяси салдары бар ауқымды институционалдық реформаны ұсынды. Ол бір палаталы Парламентке өту туралы ұсыныс жасады, бұл мәселе 2027 жылы жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі. Қ.Тоқаев бұл процестің ашық және кеңесуші болуы керектігін баса айтты: «Мұндай тағдырлы мәселелерде халықпен ашық диалог жүргізу қажет деп санаймын. Сонда ғана біз Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз». Президент сонымен қатар жалпыұлттық басымдықтарды айқындады. Олардың қатарында Алатау қаласына жаңа инновациялық хаб ретінде ерекше мәртебе беру, жыл соңына дейін жаңа Құрылыс кодексін қабылдау, бірыңғай цифрлық жер ресурстары картасын құру және азық-түлік қауіпсіздігі мен су ресурстарын басқарудың ұзақ мерзімді стратегияларын әзірлеу бар. Ол Арал теңізін қалпына келтіру, Каспий теңізін сақтау үшін бірлескен күш-жігер және су үнемдеудің озық технологияларын жедел енгізуді жалғастыруға шақырды. Әлеуметтік саясатта Тоқаев кең ауқымды жеңілдіктер жүйесін тұрақтылық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін реформалауды, зейнетақы жүйесін нығайтуды, денсаулық сақтауды кеңейтуді және қаржылық сауаттылықты арттыруды ұсынды. Ол білім берудің ЖИ дәуіріне келесі ұрпақты дайындаудағы рөлін атап өтіп, ЖИ-ді мектеп оқу бағдарламаларына енгізу және ауылдық жерлердегі оқушылар үшін цифрлық оқытуды кеңейту бағдарламаларын ерекше атап өтті.

Сөзін аяқтай отырып, Президент Қ.Тоқаев жаһандық өзгерістер жағдайында заң, тәртіп және патриотизмнің біріктіруші қағидаларын баса айтты. «Халқымыз тату болса, ішкі ахуал тұрақты болса, біз барлық қиындықты жеңеміз. Кез келген кедергіден өтеміз», – деді ол.