Женева, 2025 жылғы 1 шілде – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 59-шы сессиясында Әмбебап кезеңдік шолу жөніндегі Жұмыс тобының Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалына қатысты баяндамасы бірауыздан мақұлданды.
Қазақстандық делегацияның басшысы, Женевадағы БҰҰ бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Е.Әлімбаев 2025 жылғы 23 қаңтарда өткен Әмбебап кезеңдік шолудан (ӘКШ) кейінгі кезеңдегі жаңартылған ақпарат пен статистикалық деректерді ұсына отырып, БҰҰ-ның бас құқық қорғау органының мінберінен әйелдердің құқықтарын қорғау, кемсітушілікке қарсы саясатты іске асыру, еңбек қатынастары, кәсіподақтардың қызметі, журналистердің құқықтарын қамтамасыз ету, азаптауға қарсы іс-қимыл, кең көлемді амнистия жүргізу, сот төрелігін реформалау, оның ішінде тәуелсіз кассациялық соттың қызметін іске қосу және тағы басқа бағыттар бойынша заңнаманы және құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру шаралары туралы баяндады.
БҰҰ АҚК-ға мүше және бақылаушы мемлекеттердің делегациялары, сондай-ақ халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері өз сөздерінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдірді, сондай-ақ олар Қазақстанның ӘКШ шеңберінде айтылған ұсынымдардың басым бөлігінің қабылдағанына жоғары баға берді.
Қазақстан Республикасының Әмбебап кезеңдік шолу рәсімі шеңберіндегі 4-ші баяндамасының қаралуы 2025 жылғы қаңтарда Женевада өтті.
Қазақстан еліміздің баяндамасын талқылауға қатысқан мемлекеттер тарапынан ұсынылған 294 ұсынымның 259-ын қабылдады.