Женева, 2025 жылғы 25 маусым – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 59-шы сессиясы аясында сотталғандардың құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты Қазақстанның тәжірибесі мен саясатына арналған арнайы іс-шара өтті.
Іс-шара барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары С.Әділов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі А.Амангелдиев, ҚР Әділет министрінің инклюзия жөніндегі кеңесшісі Л.Қалтаева, сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының Берн қаласындағы ресми өкілі Б.Құрманов баяндамалар жасады.
Панелистер Қазақстан Үкіметінің пенитенциарлық жүйені жаңарту, пробация институтын дамыту, азаптауға қарсы іс-қимылдар, мекемелерде электрондық мониторинг пен цифрлық бақылауды енгізу, тәуелсіз алдын алу тетіктерін жетілдіру, «Нельсон Мандела ережелерін» енгізу, сондай-ақ қамауға алу жағдайларын жақсарту, еңбекпен қамтуды арттыру бойынша жүргізіп жатқан шаралары мен азаматтық қоғамның осы үдерістердегі рөлі туралы мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Қатысушыларға арнаған сөзінде АҚШ-тың «INHR» халықаралық үкіметтік емес ұйымының басшысы Э.Ричардсон Қазақстанның адам құқықтарын қорғау бойынша реформаларын, оның ішінде пенитенциарлық денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, жабық мекемелерде психологиялық сүйемелдеу бойынша жүргізіп жатқан шараларын жоғары бағалады, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды нығайтудың және халықаралық стандарттарды одан әрі енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараға БҰҰ-ға мүше 20-дан астам мемлекеттің және Женевада аккредиттелген халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың 50-ден астам өкілі қатысты.