Женева, 2025 жылғы 25 маусым – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 144-ші сессиясы барысында ҚР Әділет вице-министрі Б.Жақселекова бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт (АСҚХП) шеңберінде еліміздің міндеттемелерін орындауы туралы үшінші мерзімді баяндаманы ұсынды.
Қазақстандық делегацияның басшысы өз сөзінде БҰҰ Комитет мүшелерін Әділетті Қазақстан құруға және адам құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған еліміздегі ауқымды саяси реформалар туралы хабарлады. Соңғы жылдардағы заңнамадағы және құқық қолдану тәжірибесіндегі кешенді өзгерістер, оның ішінде саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету, әйелдерге, жастарға және мүгедек жандарға сайланбалы органдарда 30% квотаны енгізу, Омбудсменнің өкілеттігін кеңейту және тәуелсіздігін нығайту, бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы қабылдау, петициялар институтын іске қосу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті және азаптаулар мен адам саудасына қарсы күрес шараларын күшейту мәселелері атап өтілді.
Интерактивті диалог барысында Комитет мүшелері Пакт ережелерінің сот жүйесінде іс жүзінде қолдану, Омбудсмен мәртебесін арттыру перспективалары, ұлттық алдын алу тетігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге байланысты көптеген мәселелерді көтерді. Сонымен қатар, мүгедектік пен этникалық белгісі бойынша кемсітушілікке қарсы іс-қимыл және мемлекеттік басқарудың басшылық құрылымдарында әйелдердің қатысуын арттыру мәселелері талқыланды.
Қазақстандық делегация мүшелері қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріп, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тығыз өзара іс-қимылы туралы хабардар етті.
Халықаралық сарапшылар конструктивті диалогты жоғары бағалап, Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуы, Омбудсмен институты мен ұлттық алдын алу тетігін нығайтуы, гендерлік теңдікті ілгерілетуі, сондай-ақ сот билігінің тәуелсіздігін арттыру бойынша қабылдаған шараларын қолдады.