Бас консулдың Гёте университетіне сапары туралы

Бас консулдың Гёте университетіне сапары туралы

11 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Ермұхамбет Қоныспаев Гёте атындағы Франкфурт университетінің Вице-президенті, профессор, доктор Рольф ван Дикпен және Университеттің профессорлық тобымен кездесті.

Кездесу барысында Бас консул университет басшылығын Қазақстан Республикасындағы білім және ғылым жүйесінің қазіргі дамуымен, білім және ғылым саласындағы қазақ-неміс ынтымақтастығының негізгі бағыттарымен, сондай-ақ Франкфурт университеті мен қазақстандық ғылыми-білім беру мекемелері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытудың мүмкіндіктерімен таныстырды.

Қазақстанда әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы секілді екі мерейтойдың атап өтілуіне байланысты «Қазақ кітапханасы» сериясымен әр жылдары неміс тілінде шыққан танымал қазақстандық авторлардың кітаптарын Бас консулдық университеттің кітапханасына сыйға тартты.

Кездесудің нәтижесінде осы университетте түрлі тақырыптық іс-шараларды (конференциялар, семинарлар, дәрістер және т.б.) бірлесіп ұйымдастыру, екі ел студенттерінің қатысуымен ғылыми жобалар, академиялық алмасу саласындағы жобалар дайындау үшін өзара әрекеттесуді күшейту және қазақстандық ғалымдардың тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Анықтама: Иоганн Вольфганг Гете атындағы Франкфурт университеті 1914 жылы құрылған осы білім орталығы Германияның 5 ірі университетінің және Еуропаның 50 үздік университетінің тізіміне кірді. Қазіргі уақытта университеттің 16 факультетінде 46 мыңнан астам студент білім алуда және олардың 15% шетелдіктер болып табылады. Әйгілі Франкфурт мектебі осы Университеттің негізінде құрылған.